Еліміздегі ақылы жолдардағы камералар жылдамдықты тіркеуді бастайды

ашық дереккөз

Еліміздегі жолдардың қазіргі жай-күйі және бұл бағытта 2023 жылға арналған жоспармен Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков бөлісті.

"Жүргізушілер жолда жиі жылдамдықты асырады. Мәселен, Астана – Бурабай тас жолында барлық камера істеп тұр. Онда сағатына 140 шақырым жылдамдықпен жүруге рұқсат берілген. Алайда жүргізушілер сағатына 180-200 шақырым жылдамдықпен жүреді. Оған қоса, Қазақстандағы жолдардың басым бөлігі екі жолақты. Салдарынан жүргізушілер жылдамдықты асырып, жолдың қарсы бағытына шығып кетеді. Сондықтан адам өлімі көп тіркеледі, - деді Амангелді Беков ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Сондықтан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2030 жылға дейін ақылы жолдарға "Сергек" камераларын орнатуды жоспарлап отыр.

"Жоба бойынша Қазақстандағы 25 мың шақырым жолдың 11 мыңын ақылы болдыруды жоспарлап отырмыз. Осы 11 мың жолда камералар болады. Осы республикалық маңызы бар, ақылы жолардардың бойына 94 камера орнаттық. Қазір оның 33-і жұмыс істеп тұр", - деді комитет төрағасының орынбасары.