BANNER

Қарағанды облысындағы жарылыс: Зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды

Сурет: Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы

Жарылыс салдарынан 5 адам зардап шеккен. Олар аймақтың медициналық мекемелеріне жеткізілді. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова мәлімдеді, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.

«Оқиға салдарынан зардап шеккен 2 ересек науқас Бұқар жырау аудандық ауруханасында стационарлық ем алуда. Екі пациенттің біреуі өте ауыр жағдайда (80% күйік шалған), екіншісінің жағдайы ауыр, бірақ тұрақты (26% күйік шалған). Екі бала амбулаториялық емделуге жіберілді, бір бала облыстық балалар клиникалық ауруханасына қанағаттанарлық жағдайда жеткізілді. Пациенттерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде», - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова.

Естеріңізге сала кетсек, бүгін түнде Бұқар жырау ауданының Ботақара кентіндегі тұрғын үйлердің бірінде газдың жарылуы салдарынан екі адам қаза тапқан болатын. Тұрғын үйде жалпы 46 адам тұрған, жарылыс кезінде 35 адам болды. Апаттық-құтқару жұмыстары кезінде үйінділерден қаза тапқан екі адам және жарақат алған бес адам, оның ішінде үш бала шығарылды. Жұмыстарға 139 адам және 32 техника жұмылдырылды. Қазіргі уақытта апаттық-құтқару жұмыстары аяқталды.