Жұмысшы мамандықтар жылында Теміртау, Қарағанды және Шахтинск колледждерінің басшылары кәсіптік-техникалық білім беру саласындағы тәжірибені зерделеу үшін Қытайға барды.
Делегация Шанхайда білім беру тағылымдамасына қатысты. Бағдарлама «Қытайдағы кәсіптік-техникалық білім беру» тақырыбы аясында өтті.
Тағылымдама бағдарламасы Қытайдың жетекші білім беру мекемелеріне: Шанхай баспа ісі және полиграфия, қала құрылысы, ғылым және технология колледждеріне, электроника және информатика техникалық колледжіне, сондай-ақ Наньху кәсіптік-техникалық колледжіне баруды қамтыды.
Қатысушылар оқытудың озық әдістемелерімен танысып, заманауи зертханалар мен оқу корпустарын аралап көрді,
сондай-ақ студенттер нақты жабдықтармен тәжірибелік дағдыланатын өндірістік базалар және шеберханаларды аралады.
Сонымен қатар, делегация Қытайдағы WorldSkills 2026 әлем чемпионатына дайындық алаңдарында болды.
Сондай-ақ, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, онда техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша Қарағанды облысының 12 колледжі мен қытайлық білім мекемелері арасында 17 келісімге қол қойылды.
– Бұл ынтымақтастық біздің колледж үшін маңызды қадам, әсіресе типография және баспа өндірісі саласындағы заманауи білім беру стандарттары мен технологияларын енгізу мәселелерінде маңызы зор, – деп атап өтті Қарағанды тамақтану және сервис колледжі директорының оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары Диляра Апсалямова.
Қазақстандық делегация Шанхай білім беру комитетінің және Қазақстанның Шанхайдағы бас консулдығының өкілдерімен кездесті. Екі тарап серіктестікті нығайтуға және жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеуге мүдделілік танытты.
– Мұндай өзара іс-қимыл отандық кәсіби білім беруді дамытуға және халықаралық тәжірибесі бар білікті мамандарды даярлауға кең мүмкіндіктер ашады, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова.
Жақын арада Қарағанды өңірінде кәсіптік білім беруді дамытудағы маңызды қадам болатын бірлескен жаңа білім беру бастамаларын іске асыру күтілуде.