Қарағанды облысында қысқы маусымға дайындық тек жылу көздерінде ғана емес, жеке секторда да жүргізілуде. Қазір тұрғындар қарқынды түрде көмір сатып алып жатыр.
Бүгінде 55 нүктеде қатты отын саудасы ұйымдастырылған, ал жалпы қор 580 мың тоннаны құрайды — бұл өңірдің жалпы қажеттілігінің шамамен 65 пайызы.
– Бүгінгі күні 29 мың тонна қор бар, оның ішінде Қарағанды бойынша – 11 мың тонна. Қамтамасыз етуде ешқандай сұрақтар жоқ, сату жұмысы тұрақты жүргізілуде. Бағаға келсек, шұбаркөл көмірінің орташа бағасы тоннасына 19 100 теңге, кузнецкий – 16 500 теңге, майқұба – 16 000 теңге. Мысалы, қалада шұбаркөл көмірінің бағасы 15 500-ден 15 800 теңгеге дейін ауытқиды. Құнның қалыптасуына бірқатар факторлар, ең алдымен логистика әсер етеді, – деп атап өтті Кәсіпкерлік және индустрия басқармасы басшысының орынбасары Ақдидар Рымбек. – Халықты қатты отынмен қамтамасыз ету тұрақты бақылауда.
«ПСВ86» ЖШС көмір қоймасының директоры Никита Аносовтың айтуынша, биыл еш дүрбелең байқалмайды: тұрғындардың көпшілігі көмірді алдын ала сатып алған.
– Біздің қойма жыл бойы жұмыс істейді. Біз коммуналдық-тұрмыстық мақсаттағы шұбаркөл көмірін сатамыз. Оның басты артықшылығы – күлділігінің төмендігі және жылу қайтарымының жоғары болуы. Кейбір сатып алушылар жаздан бастап көмір қорын жинай бастайды. Мұнда қаламыздың барлық аудандарынан келеді. Қор жеткілікті: қоймада шамамен 5 мың тонна көмір сақтаулы, тәулігіне тағы 500 тоннаға жуық түседі, – деді ол. – Біздің нүктедегі баға – 15 800 теңге. Аздаған қымбаттау теміржол тасымалы тарифтерінің өсуімен байланысты. Күніне 100–150 машинаға дейін тиеп бере аламыз.
«Рапид» компаниясының көмірі жерасты әдісімен өндіріледі, бұл оның өзіндік құнын біршама жоғары етеді.
– Біздің компания ҚР Үкіметімен 2001 жылдан бері келісімшарт негізінде жұмыс істейді. Біз жаңа технологияларды қолдана отырып, бұрын жабылған шахталардың орнында көмірді жерасты әдісімен өндіреміз. Шығындардың көп болуына байланысты баға жоғары, бірақ сапалық сипаттамаларының арқасында сұраныс сақталуда, – деп түсіндірді «Фирма "Рапид"» ЖШС директоры Андрей Белов.
Мамандар тұрғындарға қатты отынды сақтау үшін жыл бойы көмірді жел мен ылғалдан сенімді қорғауды қамтамасыз ететін арнайы көмірқоралар жабдықтауды ұсынады.