Теміртау тарихи-өлкетану мұражайында қала күніне орай 12 қыркүйек күні сағат 16:00-де суретші Қуат Асқаровтың картиналар көрмесі ашылады. Экспозицияға қойылған 145 туындыда қаланың көшелері мен аулалары жылдың әр мезгілінде бейнеленген.
– Бұл жобаға шамамен екі жыл уақыт жұмсалды. Өткен жылы қала күні қарсаңында Қуат Асқаров бізге мұражайға келіп, мерекеге орай бейнеролик жасау үшін 40-қа жуық картинасын ұсынды. Мен 2025 жылдың мерейтойлық жыл болатынын ескеріп, жеке көрме өткізуді ұсындым. Осылайша Қуат Асқаров бір жыл бойы еңбектеніп, қаламыздың көріністерін бейнелейтін картиналарды жазып, осы көрмеге дайындалды, – деді Теміртау тарихи-өлкетану мұражайының аға ғылыми қызметкері Светлана Трещёва.
Суретшінің өзі Теміртаудың тумасы. 2008 жылы ол ҚР Суретшілер одағының мүшесі атанды. 2014 жылы Қарағанды облысы әкімінің «Жылдың үздік суретшісі» номинациясы бойынша сыйлығына ие болса, 2015 жылы Ә. Қастеев атындағы «Үздік шығарма үшін» алтын медальмен марапатталды. Оның еңбектері Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында бірнеше рет қойылған.
Көрме 8 қазанға дейін жалғасады. Оған келушілер тегін қатыса алады.