BANNER

Қарағандыда ең ескі жылу магистралін жаңғырту жұмыстары басталды

Gov.kz

Қарағандыда жылу желілерін кешенді жаңғырту жалғасуда. Бұл – қаланың инженерлік инфрақұрылымын нығайтуға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды инвестиция. Биыл 1972 жылы тартылған М-2 магистралінің қайта жаңартылуы басталды. Қаланың орталығындағы жүктеме көбейген сайын бұл шешімнің өзектілігі арта түсті.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс сапары барысында аталған жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.

Магистральді қайта жаңарту жобасы 900-ден астам нысанды қамтиды – көпқабатты тұрғын үйлер, әлеуметтік және мәдени мекемелер, сондай-ақ жеке сектор. Болашақта кем дегенде 50 үйді қосу көзделіп отыр.

Тозығы жеткен құбырларды қызмет ету мерзімі 30 жылға жететін алдын ала оқшауланған жаңа құбырларға алмастырылуда. Олардың диаметрі үлкейтілген, бұл өз кезегінде гидравликалық көрсеткіштерді жақсартады. Нәтижесінде, жылу жүйелерінің тозу деңгейі төмендеп, жылу жоғалту азаяды, ал жылумен қамтудың сапасы мен тұрақтылығы айтарлықтай артады.

Қазіргі таңда жұмыс «Ақжолтай» сауда үйінің маңында және №2 сорғы станциясы ауданында жүргізілуде. Биыл 450 метр магистраль жаңартылады деп жоспарланған.

Қала тұрғындары үшін уақытша, қауіпсіз әрі жарықтандырылған өткелдер орнатылған, бұл жөндеу жұмыстары кезінде ыңғайлы жүріп-тұруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасы аясында үш ірі жоба жүзеге асырылып жатыр: жылу желілерін және орталық жылу пункттерін жаңғырту.

Мұқанов көшесіндегі 29-ықшам ауданда құбырлар мен сорғы жабдықтары толық ауыстырылып, заманауи жапқыш арматуралар мен температураны реттейтін түйіндер орнатылуда. Әлихан Бөкейхан атындағы аудан аумағында Архитектурная, Гвардейская және Лихачев көшелеріндегі тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз ететін желілер қайта жаңартылып жатыр.

Тағы бір маңызды бағыт – ОН-3 нүктесінен ТП-1-ге дейінгі байланыс магистралінің жаңғыртылуы. Бұл учаске жаңартылған соң Сұрыптау, Пришахтинск және Шахтёрский кентінің тұрақты әрі сапалы жылумен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік береді. Ұзындығы 2,2 шақырымнан асатын бұл желіні алдағы жылыту маусымына дейін толық аяқтау көзделген.

Аталған жобалармен қатар, өңірде жылыту маусымына дайындық жалғасып жатыр. Биыл жалпы ұзындығы 13,8 мың метр болатын жылу желісін ауыстыру жоспарланған. Қазіргі уақытта бұл көлемнің жартысынан астамы орындалды.

Облыс әкімі сондай-ақ Әлихан Бөкейхан атындағы ауданда салынып жатқан «Жаңа Майқұдық» қосалқы станциясына барды. 2022 жылдан бері жүзеге асып жатқан жоба қазір аяқталу кезеңінде. Қуаты бұрынғысынан 2,5 есе жоғары бұл станция 23 мыңнан астам тұтынушыны – тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандарды және шағын кәсіпорындарды тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етеді.

– Жылыту маусымына дайындық барысын тексердік. Жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл бізге қысты еш қиындықсыз өткеруге мүмкіндік береді. Жылу жүйелерін жаңғырту ісін жалғастырамыз, алда ауқымды жұмыстар бар, – деді Ермағанбет Бөлекпаев. – Әлихан Бөкейхан ауданындағы қосалқы станция құрылысы – бұрыннан қажет болған шешім. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында Қарағанды заманауи әрі маңызды инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуде.