Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Астанадағы автобуста ерекше баласы бар анамен болған жағдайға қатысты мәлімдеме жасады. Ведомство өкілдері балаға дөрекілік көрсеткен әйелдің жеке басын анықтап жатыр, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Автобустағы әңгіме төмендегідей өрбіді:
Әйел: - Балаң жыныма тиіп тұр.
Ана: - Жыңыңызға тисе, ол сіздің мәселеңіз.
Әйел: - Қалай менің мәселем, оның үстіне хиджабпен.
Ана: - Менің киімімде жұмысыңыз болмасын.
Әйел: - Балаңды тыныштандыр.
Ана: - Ол тыныш отыр.
Әйел: - Тыныш отырған жоқ, балаң ашулы.
Ана: - Өйткені ол аутизмге шалдыққан. Ерекше бала. Ал сіз ұятсыз әйелсіз. Балаға осындай сөздер айтуға қалай дәтіңіз барады. Бұл мүмкіндігі шектеулі бала.
Министрлік қоғамдық көлікте ересек әйелдің ерекше балаға немқұрайлы және менсінбеушілікпен сөйлеген видеосына байланысты алаңдаушылық білдірді.
“Мұндай әрекетке жол беруге болмайды. Қазір әйелдің жеке басы анықталып жатыр. Оқу-ағарту министрлігінің жұмысында балалардың құқықтарын қорғау мен инклюзивті білім беруді дамыту – басты басымдықтардың бірі. Әрбір бала, даму ерекшеліктеріне қарамастан, құрметке, қорғауға және қоғам өміріне қатысуға құқылы”, – деді комитет өкілдері.
Министрлік барлық ересек адамдарды балалардың құқықтарын қатаң сақтауға және кез келген жағдайда олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды.
“Бала мүддесін қорғау – білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың басым тұсы”, – деп атап өтті ведомство.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде қоғамдық көлікте әйелдің науқас бала мен анасына дөрекілік танытып, баланы “топас” деп балағаттап, анасының киіміне тиіскенін видео тараған еді.