Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күні қарсаңында Қарағандыдағы Мартбек Мамыраев атындағы 52859 әскери бөлімінде ТЖ министрі Шыңғыс Арынов пен облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев болып қайтты.
Әскери қызметшілерге жауынгерлік әзірлік пен жеделдікті арттыратын жаңа арнайы техниканың кілті табыс етілді.
Бөлімге КамАЗ және Toyota Hilux базасындағы әскери-құтқару автомобильдері берілді. Бұл отандық өндіріс техникасы. Өтімділігі жоғары машиналар заманауи талаптарға сай жабдықталған.
– Ведомствоның құтқару әскери құралымдарын заманауи техникамен және жабдықпен қамтамасыз ету – бұл төтенше жағдайлармен күрестегі жеделдіктің және тиімділіктің кепілі. Біз кез келген сын-қатерлерге, соның ішінде алдағы су тасқыны кезеңіне дайын болу үшін материалдық-техникалық базаны нығайту бойынша жүйелі жұмысты жалғастырудамыз, –деп атап өтті Шыңғыс Арынов.
Министр азаматтық қорғанысты жаңғырту және техникалық жарақтандыру басымдыққа ие болып қалатынын атап өтті.
Биыл 72 бірлік техника, соның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттары,
сондай-ақ жеке құрамға арналған заманауи киім-кешек, керек-жарақ сатып алынды.
– Бүгінгі таңда біздің әскери бөлімге 22 заманауи техника берілді. Бұған дейін парк 2015 жылы жаңартылған болатын. Қазір бізде даму бойынша жұмыстар жүріп жатыр, келесі жылы тағы да жаңа техниканың легі күтілуде, – деді М. Мамраев атындағы 52859 әскери бөлімінің командирі Бағлан Кенбейлов.
Шыңғыс Арынов пен Ермағанбет Бөлекпаев офицерлер мен сарбаздардың қызмет жағдайымен танысты.
ТЖМ азаматтық қорғанысының әскери бөлімдері халықты, объектілер мен аумақтарды табиғи және техногендік ТЖ-дан қорғау, сондай-ақ авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу жөніндегі міндеттерді орындайды.
Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күні жыл сайын 1 наурызда атап өтіледі. Мереке Халықаралық азаматтық қорғаныс ұйымы Бас ассамблеясының қарарымен бекітілді. Оның мақсаты – азаматтық қорғаныс туралы білімді насихаттау және ұлттық құтқару қызметінің беделін көтеру.