Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуға қолдау көрсету жалғасуда. Жыл басынан бері мемлекет ұсынған жұмыспен қамту шараларының көмегімен 10,8 мың адам жұмысқа орналасқан. Бұл туралы Life09 ақпарат агенттігі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
2026 жылдың 1 қазандағы мәлімет бойынша, жұмысқа орналасуға көмек сұрап, мансап орталықтарына 29,5 мың мүгедектігі бар азамат жүгінген. Олардың 18,2 мыңы жұмыспен қамтуға бағытталған белсенді шараларға қатысқан.
Нәтижесінде 10,8 мың адам жұмысқа орналасты. Оның 5,1 мыңы тұрақты жұмыс тапса, 5,4 мыңы мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына орналасқан. Атап айтқанда, 4 264 адам қоғамдық жұмыстарға, 367 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 495 адам «Жастар практикасы» бағдарламасына, ал 499 адам «Күміс жас» жобасына қатысу арқылы жұмысқа орналасқан.
Мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтуды қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі жұмыс орындарына квота белгілеу. Әлеуметтік кодекске сәйкес, 50 және одан да көп адам жұмыс істейтін ұйымдарға қызметкерлердің жалпы санының 2-4 пайызы көлемінде квота белгіленеді. Бұл ретте ауыр, зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыс орындары есепке алынбайды.
2026 жылы мүгедектігі бар 16 706 адамды жұмысқа орналастыруға арналған квота белгіленді. Биылғы екінші тоқсанның қорытындысы бойынша осы квота аясында елімізде шамамен 6,2 мың адам жұмысқа орналасқан.
Салыстыру үшін айтсақ, 2025 жылы белгіленген 16 719 жұмыс орнының 8,1 мыңы қамтылып, квота бойынша жұмысқа орналастыру көрсеткіші 48 пайызды құрады.

Соның бірі – Астана қаласының 21 жастағы тұрғыны Виктория Навольская. Ол бағдарламалық қамтамасыз ету мамандығын тәмамдаған. Биыл 1 қыркүйекте Мансап орталығының көмегімен Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығына аналитик болып жұмысқа орналасты. Қазір жаңа міндеттерді меңгеріп, кәсіби тәжірибесін арттырып жүр. Ал, бос уақытында садақ атады. Болашақта осы бағытта дамып, спорттық жарыстарға қатысуды жоспарлап отыр.

Виктория үшін жұмыс орнындағы қолжетімді жағдай мен әріптестерінің қолдауы маңызды. Оның айтуынша, мұның бәрі жаңа ортаға тез бейімделіп, өзін еркін сезінуге көмектескен.
"Мен ақпараттық-талдау орталығында жұмыс істеймін, аналитикпін. Жұмысқа орналасқаныма бір айдай уақыт болды. Мансап орталығы арқылы жұмысқа тұрдым. Мұнда маған барлығы ұнайды",- дейді Виктория Навольская.
Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы төрағасының орынбасары Нұрбақыт Абдрасиловтың айтуынша орталық арқылы мүмкіндігі шектеулі адамдарға жұмыс орындары ашылған.

"Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығында мүмкіндігі шектеулі жандарға бос жұмыс орындарын аштық. Виктория бізге жақында ғана келді. Оның қазіргі жұмысы бізге ұнайды. Барлық ақпаратты тез қабылдап, тез үйреніп кетті. Алдағы уақытта біздің орталық бос жұмыс орындарының санын арттырғысы келеді",- дейді Нұрбақыт Абдрасилов.
Ақсая Жалғас
тілші