20 шілдеде Қарағандыда ферроқорытпа зауытының пешінде кенеттен жалын шықты. ТЖ салдарынан кәсіпорынның сегіз қызметкері зардап шеккенін кеште болса естіген шығарсыздар.
Қазақстанда мұндай жағдайларды жасырып қалғысы келетіні айдан анық. Ал, осындай апаттан аман қалған жұмыскер жан айқайын жеткізгісі келсе де, басшылық тарап сес көрсетіп, жұмыстан қуыласың дегенді алға тартып, өзінікін жасатпай қоймайды. «Шақшадай басы шарадай болды» деген осындай жағдайлардан кейін шықса керек. Бала-шағаны асырау, кредит төлеу керек деп жабулы қазан жабулы күйінде қалатыны тағы бар. Енді жоғарыдағы мәселеге келетін болсақ, бұл апат тура металлургтер күні қарсаңында орын алды. Дүркіреп концерт өтіп жатыр, Қайрат Нұртастың өзі ән айтып жатқанда 8 адамның өмірі қызықтырсын ба... Осы кешке кеткен ақшаны зауыттардағы техникалық қауіпсіздікке, керек жарақтарды жаңартуға неге жұмсамайды деген ой келеді... Бұл концертті ұйымдастырған «Qarmet»-те де талай жарылыс, талай апат болып еді ғой. Қаншама отбасын зар жылатып, тірегінен, қорғанынан айырмап па еді? Тағы бір айта кететін мәселе осынау қайғылы күнде «Таза Қазақстан» экоакциясының насихат жұмыстарының қарқынды жүргізілуі. Одан да сол зауытта болған жағдайдың ақпаратын таратса ғой... Барлық БАҚ өкілдері жазса, мұндай апат орын алғанда тергеу жұмыстарының да оң шешім тауып, қалталы азаматтардың (кінәлілердің) жазаға тартылатыны сөзсіз ғой. Одан кейін мұндай ТЖ орын алмауы үшін барлық жағдай жасалатын еді. Тағы бір айта кететін жайт, сол апат орын алған күні жедел жәрдем келем дегенше зардап шеккендерді ауруханаға жұмыс көлігімен жеткізген екен. Әрине, жедел жәрдем келем дегенше... Тек «жедел» деген аты ғана болмаса. Сол көліктегі оқиғаны айта кетейін. Зардап шеккен жас жігіттердің бірінің тойына да аз күн қалған екен. Қос жанарынан айырылып, денесінің 90 пайызын күйік шалған. Жүргізуші әрі әріптесіне енді мына түріммен қалай той жасаймын, қалай үйленемін деп айтып келіпті ауруханаға жеткенше. Жазылып, аяққа тұрып кетем деген үмітін үзбеген. Бақытына біртабан жақындағанда, қара жердің қойнына аттанды. 8 жұмысшының төртеуі мәңгілік сапарға аттанды. Екеуінің беті бері қарады дейді. Қалған екеуінің жағдайы әлі де ауыр. Бәрі бір жаратқанның қолында енді. Дұға етуден басқа амал жоқ. Компания уәдені үйіп-төгіпті. Енді оның да орындалуын назарда ұстау керек. Әйтпесе мұндай жағдайда берілген уәделердің орындалмай қалғаны немесе орындалуы созылып кеткен жағдайлардың болғаны да жасырын емес қой. Жаңа Қазақстанның «Таза Қазақстанымен» алысып, мереке тойлап жүргенде тағы да мұндай апаттар орын алмасына кім кепіл...