Бүгін – Білім күні!

LIFE09

Бүгін еліміздің мектептері мен оқу орындарында жаңа оқу жылы басталды. Дәстүрге сай 1 қыркүйек елімізде алғашқы қоңырау салтанатты шарасы ретінде аталып өтіледі.

Бүгін - бүлдіршіндер алғаш мектеп табалдырығын аттаса, жасөспірімдер колледж және университетке түсіп студент атанып жатыр.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2022-2023 оқу жылында елімізде 3,6 млн бала 7 637 мектепте білім алады.

Балаларды 1-сыныпқа қабылдау науқаны кезінде ата-аналардан 400 мың өтініш түскен. Өтініш берушілердің 70%-дан астамы қазақ тілінде оқуды таңдаған.

Қазіргі таңда Қазақстан бойынша 280 мыңдай балаға орын жетпейді. 2025 жылға қарай бұл сан 1 млн орынға жетуі мүмкін. «1000 мектеп» жобасының аясында былтыр 270 мектеп салынса, биыл 225 мектепті қолданысқа беру көзделген.

192 күн демалыс, 173 күн сабақ. Биылғы оқу жылының басты жаңалығы 5 күндік оқу аптасы болып отыр.

Сондай-ақ, биыл елімізде оқу жылының басталуына қарай 80-ге жуық жаңа мектеп ашылады. Жыл соңына дейін барлығы 230-дан астам мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.