Бүгін – Республика күні

Ашық дереккөз

1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Сол сәттен бастап-ақ егеменді Қазақстан өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде таныла бастады. Қабылданған декларация Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасы саналды. Бұл декларацияның қабылдануымен егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздерімі бекітілді. Қазақстанның егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді. Осы кезден бастап демократиялық қоғам құру мақсатында ел ішіндегі қоғамдық-саяси құрылымға біраз өзгерістер енгізіле бастады. Бұл акт арқылы әлем картасындағы жаңа мемлекет – Қазақстан Республикасының негізі қаланды. Қазір бұл күн мемлекеттік масштабта атап өтіліп, мереке ретінде тойланады. 2001 жылы 13 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» №267 заң бойынша бұл күн мемлекеттік мерекелер қатарына қосылды.

Маусым айында өткен ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында президент Тоқаев Республика күні қайтарылатынын айта келіп, осы күнді "Егемендік күні" деп атаған. "Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның 25-і күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды" деген Қасым-Жомарт Тоқаев

Қыркүйек айының ортасында Қазақстан Республикасының парламенті "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" заңға түзетулер енгізді. Құжатқа сәйкес, Республика күні яғни 25 қазан – ұлттық мерекеге, ал Тәуелсіздік күні яғни 16 желтоқсан – мемлекеттік мерекеге айналды.

Республика күніне орай ел аумағында түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылуда.

13 жылдан кейін оралған Республика күні бәрімізге құтты болсын!