Білім мен ғылымда, спортта және қоғамдық өмірде елеулі жетістікке жеткен жастар «Қарағанды облысының үздік студенті – 2026» байқауында марапатталды. Биыл байқауға қатысуға 124 өтінім келіп түскен. Үздіктер жеті номинация бойынша іріктелді.

Байқаудың басты марапаты – «Жылдың үздік студенті» атағы Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің төртінші курс студенті Самат Әсенбаевқа бұйырды. Ол «Тау-кен ісі» мамандығы бойынша білім алып жүр. Президенттік стипендия иегері ғылыми ізденістермен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысады.
– Еңбегімнің осылай жоғары бағаланғанына шын жүректен қуаныштымын. Бұл – менің жеке жетістігім ғана емес, тұтас университеттің ортақ жеңісі. Мұның артында тынымсыз еңбек пен табандылық жатыр. Алдағы уақытта тау-кен өндірісі саласында бұдан да үлкен жетістіктерге жетуді мақсат етіп отырмын. Мұндай байқаулар студенттерге жаңа белестерді бағындыруға, өз мүмкіндіктерін шыңдап, алға ұмтылуға жігер береді, – дейді Самат.

«Үздік спортшы» номинациясында Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің студенті Аида Тойшыбекова топ жарды. Ол он жылдан астам уақыттан бері дзюдо және самбомен шұғылданып келеді. Спортшының биылғы айтулы жетістіктерінің бірі – XX жазғы Азия ойындарында дзюдодан аралас командалық сайыста күміс медаль жеңіп алуы.

– Еңбегімнің еленіп, жоғары бағаланғанына ризамын. Осы жолда жұмсаған күш-жігерімнің ақталғаны қуантады. Мен үшін ең күрделі жарыс Азия ойындары болды. Онда командамыз күміс жүлдегер атанды. Дзюдо менің өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды. Бұл – жай ғана спорттық күрес емес, күн сайын өзіңді жетілдіруді, шеберлігіңді шыңдауды талап ететін үлкен еңбек, – дейді спортшы.

Шығармашылық номинация бойынша Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің студенті Айшабибі Қырықбаева үздік атанды. Ол «Сот және құқық қорғау қызметі» мамандығында білім алып жүр. Биыл бойжеткен «Мисс Қарағанды – 2026» атағын иеленіп, енді өңір намысын «Мисс Қазақстан – 2026» ұлттық байқауында қорғауға дайындалып жатыр.

– «Жылдың үздік шығармашыл студенті» атануым бір нәрсеге тағы көз жеткізді: адам бір нәрсені шын жүректен қаласа және сол мақсатына жету үшін аянбай еңбек етсе, міндетті түрде нәтижеге қол жеткізеді. Мұндай байқаулар жаңа белестерге ұмтылуға шабыт береді. Ал марапатты өзім білім алып жатқан университетімде иелену мен үшін екі есе қуанышты, – дейді Айшабибі.

Байқау жеңімпаздарының қатарында Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің студенті Жәдігер Садық та бар. Ол «Жылдың үздік жас ғалымы» атанды.

Ал «Үздік зияткер» номинациясының жеңімпазы болып Bolashaq академиясының студенті Жансұлу Дәулетханқызы танылды.

Студенттік ұйымдардың жетістіктері де лайықты бағасын алды.

Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің «Жарқын» халық би ансамблі «Жылдың үздік студенттік клубы» атанды.

Ал «Жылдың үздік волонтерлік клубы» номинациясында П. Поспелов атындағы Қарағанды медицина университетінің Next Generation ұйымы жеңіске жетті.

Байқау Қарағанды облысының Жастар ресурстық орталығының бастамасымен екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді.

«Жылдың үздік студенті», «Жылдың үздік студенттік клубы» және «Жылдың үздік волонтерлік клубы» номинацияларының жеңімпаздарына 400 мың теңгелік сертификаттар табысталды. Өзге номинациялар бойынша жеңімпаздарға 250 мың теңгеден ақшалай сыйақы берілді.