BANNER

Шомылу маусымы басталғаннан бері 85 адам суға батып кетті

Сурет: Ақмола облысы ТЖД

Шомылу маусымы басталғаннан бері 85 адам, оның ішінде 35 бала суға батып кетті, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство су айдындарында қаза тапқан балалардың саны күннен-күнге өсіп жатқанына алаңдаушылық білдірді.

«Жазатайым оқиғалар демалыс күндері жиі болады. Қауіпсіздік ережелерін елемеу, жабдықталмаған жерлерде шомылу және балаларды назардан тыс қалдыру көбінесе қайғылы жағдайға әкеледі. Мәселен, шомылу маусымы басталғаннан бері 85 адам, оның ішінде 35 бала суға батып кетті», - деп жазылған хабарламада.

Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жалпы адам өлімі 14%-ға азайды, оның ішінде балалар өлімі 20%-ға өсті.

ТЖМ қазақстандықтарды судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды.

«Шомылуға тыйым салынған 4 598 орын анықталды, онда 5 894 ескерту және тыйым салу белгілері орнатылды. 708 рұқсат етілген жаппай демалыс орны бекітілді», - дейді құтқарушылар.

Тыйым салынған жерлерде шомылу өмірге қауіп төндіріп қана қоймай, айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке әкеліп соқтырады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабы бойынша 721 қазақстандыққа 18 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.