Жәнібек ақынның жаңа жыр кітабы жарық көрді

Фейсбук

 

Қарағандының өнер ортасы өзіндік мектебі қалыптасқан, сан толқын, сан буынның өзара байланысы, рухани сабақтастығы үзілмеген, таланттары шұрқырасып табысып жататын сәулетті ордаға ұқсайды.

Өткен ғасырдың 70-жылдары:

«Жек көрем итті! Алысып жүрем,

Шабысып жүрем қағынып.

Сайын даланың тағысымын мен,

Не деген ғажап – тағылық!» - деп, ұлы бабаларының асқақ рухын іздеген Серік Ақсұңқарұлы ғасыр соңына қарай Алматыдағы ағаларын, жан-жақтағы сырлас замандастарын сағынып, Қарағандының тас көшелерінде алшаң басып жүретін. Қасында Қойлыаға (Қойлыбай Асан), Қара Дәулет (Дәулет Сәтібеков), Әлекең (Әлімжан Жақан) сияқты бір топ талантты бауырлары орыс жайлаған шаһардың ортасында қазақтың өлеңін оқып жататын бұрқыратып! Осы толқынның ізін жалғай, дарындылар шоғырына Руслан Нұрбай, Серік Сағынтай, Бағдат Мүбәрак, Рахат Әбдірахманов сынды «перілер» қосылды.

«Ақылжан деп тұрушы ед талай қыздар,

Сұмдық шықты дейтұғын «Ақыл аға»...» - дегендей, жылдар жылжи келе, бұл буын да аға атанды. Бұл буын да ізбасар іздеп, елеңдеп артқа қарағанда, кеуделері басылмаған, жан сарайы таза, таланттары тас жаратын тегеурінді толқынды көрді. Көрді де марқайды.

Мирас асан, Жанат Жанқашұлы, Алмаз Мырзахмет, Жәнібек Әлиман, Мақсат Күземхан, Ілияс Мұқай, Жәлел, Ерғанат, Салтанат, Нұрдос, Айдын, Аян, Әділет, Ерболат, Таңсәуле...

Өлең өлкесіне, шығармашылық әлемге имене басып келіп, аз уақытта өзіндік сүрлеу-соқпағын тауып, өзіндік қолтаңбасын белгілеген бұл толқын бүгінде қазақ өлеңінің биігіне бет алып бара жатыр.

Осынау талантты шоғыр ішінде Жәнібек Әлиман бауырымыздың да аяқ алысына, шығармашылық ізденістеріне, жыр әлеміндегі бағындырған биіктеріне сүйсіне, мерейлене қарап отыратынымыз бар. Жуырда жас ақынның «Жұлдызымның жорығы» атты жаңа жыр кітабы Алматыда жарық көріпті.

Жүрегінен тобылғы бүр жарып, жырына жусан иісі сіңген, құлын күнінен даламен, табиғатпен сырласып өскен, өн-бойынан қырдың самал жұпары аңқып тұратын ақын бауырымыздың жаңа жыр жинағы құтты болсын! Оқырманы ормандай көп болып, ұлттық болмыспен өрілетін өлеңдері сыршыл жүректерге ұя сала берсін.