BANNER

Астанада Орталық Азия елдері сыртқы істер министрлерінің кеңесі өтіп жатыр

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Кеңес отырысына Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Тәжікстан сыртқы істер ведомстволарының басшылары қатысты, - деп хабарлайды Life09 ақпараттық агенттігі kaz.inform.kz- ке сілтеме жасап. 

«Ең алдымен, Орталық Азия елдерінің Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне қатысуға шақыруымды қабылдағаны үшін ризашылығымды білдіремін. Бүгінгі кездесу біздің ортақ қолдауымызды және бесжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтатын міндеттерді айғақтайды. Біз төрағалық шеңберінде атқарылған бірлескен жұмысты қорытындылаймыз, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасуымыз керек», - деді ҚР Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу кеңестің ашылу салтанатында. 

 

Мурат Нуртлеу Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Сондай-ақ, министр кездесудің нәтижелі болатынына және Орталық Азия елдері көшбасшыларының саммиті табысты өтетініне сенім артты. 

«Біздің көшбасшыларымыздың саяси еркі мен даналығының арқасында аймақта сенім ахуалы орнады. Жыл сайын өзара тиімді жан-жақты ынтымақтастықты тереңдету үшін жоспарлы жағдай жасалып жатыр. Астанада Орталық Азия мемлекеттері басшыларының алғашқы консультативтік кездесуі өткен сәттен бастап елеулі прогреске қол жеткіздік», - дейді ведомство басшысы. 

СІМ ұсынған мәліметке сүйенсек, бүгінде өңір елдерінің жиынтық ЖІӨ шамамен 450 млрд долларды құрайды. Өзара сауданың тұрақты өсуі қамтамасыз етілді. Соңғы 5 жылда бұл көрсеткіш 80%-ға өсіп, 11 млрд долларға жеткен. 

 

Сонымен қатар Парламенттер, қауіпсіздік кеңестері, салалық ведомстволар желісі бойынша өзара іс-қимыл тетіктері, сондай-ақ әйел көшбасшылар диалогы іске қосылған. 

«Биыл біз практикалық өзара іс-қимылдың жаңа сапалы деңгейіне жеттік. Ұлттық үйлестірушілер кеңесі өз қызметін бастады. Өңірлік кооперациядағы қол жеткізілген прогресс халықаралық қоғамдастықта да үлкен қызығушылық тудырды, сондай-ақ біздің ең жақын стратегиялық серіктестеріміз қолдайды. Бұған Қытай, Ресей, АҚШ, Үндістан, Жапония, Корея республикасы, Германия, Италия, сондай-ақ бірқатар көпжақты құрылымдардың қатысуымен «Орталық Азия+» форматында өткізілген кездесулердің қорытындылары дәлел», - дейді Мұрат Нұртілеу. 

Одан бөлек, министр Қазақстан төраға ретінде консультативтік кездесулердің әлеуетін одан әрі нығайту бойынша белсенді жұмыс жүргізгенін тілге тиек етті. 

«Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының, энергетика және ақпарат министрлерінің кездесулері, сондай-ақ Орталық Азия елдері тарихшыларының форумы алғаш рет өткізілді. Осыған байланысты қазақстандық бастамаларды қолдағаны және өнеркәсіп, энергетика, көлік және логистика салаларында бірқатар құжаттарды дайындау бойынша жемісті бірлескен жұмысы үшін алғыс айтамын», - дейді ол. 

Бүгінгі саммиттің қорытындысы бойынша мемлекет басшыларының «Орталық Азия – 2040» өңірлік кооперациясын дамыту тұжырымдамасына қол қоюы күтіледі. 

«Осы құжаттарды іске асыру өзара тиімді әріптестікті одан әрі үдемелі дамытуға және біздің өңірдің халықаралық субъективтілігін нығайтуға қызмет ететініне сенімдімін», - деп толықтырды СІМ басшысы.