Президент өз Жолдауында экономиканы дамытудың басты бағыттарын айқындап, өнімді терең өңдеумен айналысу, еңбек өнімділігін арттыру және отандық өндірісті қолдауға баса мән берді.
Мемлекет басшысы ірі инфрақұрылымдық жобаларға қажетті құрылыс материалдары, металл конструкциялары мен инженерлік жабдықтарды өз елімізде шығару маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар, Ұлттық қор қаражаты есебінен импортты қаржыландыруға жол берілмейтінін жеткізді.
Экономиканы өркендету үшін озық технологиясы мен тәжірибесі бар жетекші әлемдік және отандық компанияларды белсенді түрде тарту қажет. Бұл ретте инвестицияның тиімділігі тек ашылған кәсіпорындардың сапасымен және олардың экономикаға қосқан нақты үлесімен бағалануға тиіс.