Қазақстанда 116 әйел ауыл әкімі болып сайланды

ашық дереккөз

Ауыл әкімдерін тікелей сайлау тетігінің іске асырылу барысын қорытындылаған Ерлан Қарин сайланған басшылардың 215-і өзін-өзі ұсынғанын, ал жаңадан сайланған 116 басшы әйелдер екенін баса айтты.

"Айта кетейік, ауыл әкімдері корпусы 55,6 пайызға жаңартылды, бұл - 608 жаңа ауыл басшысы. Олардың айтарлықтай бөлігі бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген. Ауыл тұрғындары қолдауын мұғалімдер, дәрігерлер, кәсіпкерлер, жергілікті кәсіпорындар мен шаруа қожалықтарының басшылары алған", - деп жазды мемлекеттік кеңесші.

Жаңа әкімдердің басым бөлігі Маңғыстау, Қарағанды ​​және Жамбыл облыстарының ауылдарында.

Сонымен қатар, осы жексенбі, 31 шілдеде 27 ауылдық округте сайлау өтетіні хабарланды. Жалпы, жыл аяғына дейін тағы 214 ауыл басшысы сайланады деп күтіледі. 1037 ауылдық округте сайлау 2023 және 2024 жылдарға белгіленген. Сондай-ақ, алдағы уақытта аудан әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу жоспарланған.

"Жаңа конституциялық реформаға сәйкес, бүгінде облыс әкімдері облыс мәслихаттары депутаттарының дауыс беру қорытындысы бойынша тағайындалады. Осылайша, еліміздің саяси жүйесі дәйекті түрде қайта құрылып, мемлекеттік басқаруға демократияның жаңа құралдары енгізіліп жатыр", - деп түйіндеді сөзін Қарин.