Қазақстан аяқдопшылары Германияда өнер көрсете ме?

vesti.kz

Қазақстан құрамасы өз тарихында тұңғыш рет Еуропа чемпионатына қатысу мүмкіндігіне ие. Бұл межеге Хельсинкиде Финляндияны жеңген соң бір табан жақындай түсті.

Топ көшбасшылары Словения мен Дания қоржынында 19 ұпайдан болса, отандастарымыздың еншісінде 15 ұпай. Қараша айында топ көшбасшылары өзара кім мықтыны анықтаса, Магомед Адиев шәкірттері Сан-Марино құрамасымен күш сынасады. Дания Словенияны жеңіп немесе тең ойнаған жағдайда, Еуропа біріншілігінің жолдамасы соңғы кездесуде шешілетін болады.

Іріктеу кезеңінің қазан айындағы матчтары артта қалды. Даниялықтармен болған кездесуде команда жақсы ойын өрнегін көрсетті, бірақ жеңіліске әкеп соқтырған бірнеше қателік жіберді (1:3). Бірақ финдермен болған тартысқа толы матчта Бактиер Зайнутдиновтың қос голының арқасында камбэк жасап, суоми елінің жігіттерін құрама тарихында алғаш рет жеңді.  

Қазақстандық белгілі спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен ел құрамасының құрлықтық доданың финалдық сатысына шығу мүмкіндігі жайында ой бөліскен еді.

«Әзірге бұл сауалдың жауабын айту қиынға соғып тұр. Өйткені, бұл топтағы құрамалар арасындағы бәсеке тартысты өтіп жатқан жайы бар. Тәжірибелі Данияның өзі құрлықтық додаға бара алмай қалуы мүмкін. Алдағы екі тур ойындары барлығын шешеді. Енді тоғызыншы турда Дания мен Словения шеберлік байқасады. Бұл ойында көп сауалдың түйіні тарқатылады. Біз бұл жолы елордада Сан-Мариноны қалайда жеңуге тиіспіз. Алғашқы екі орындағы қарсыластарымыз екеуара кездесуінде тең түскен жағдайда біздің жолдама алу мүмкіндігіміз арта түседі. Себебі, біздің құрама еншісіне 18 ұпай жазылса, аталған екі қарсыласы 20 ұпай еншілейді.

Оныншы турда Дания сырт алаңда Солтүстік Ирландиямен кездеседі. Солтүстік Ирландия әзірге көп қарсыласына есе жіберіп жүр. Сол ойында алаң иелері жеңіске жеткенін қалаймыз. Бұл жағдайда Словенияны тізе бүктірсек, еншімізге 21 ұпай бұйырады. Ал Дания мен Словения 20 ұпай еншілейді. Тоғызыншы турда олардың бірі басым түссе, бір тур бұрын жолдаманы қалтаға басып үлгереді. Мұндай жағдайда біз екінші орын үшін таласамыз. Ал Словения мен Дания алдағы екі ойында бір-бір мәртеден жеңіске жетсе, онда біз жолдамадан құр қаламыз. Қысқасы, алдағы екі турда Словения мен Данияның ұпай жоғалтқаны бізге өте тиімді болып тұр», - деді Е.Мәулен.

Сондай-ақ, ұлттық құраманың құрлықтық додаға баруға тағы бір мүмкіндігі бар. Еуропа чемпионаты іріктеу сатысы арқылы жолдамадан құр қалғанның өзінде алдағы жылы Ұлттар лигасы бойынша Германия жеріне бет түзеуге болады. Бұл жолы ел құрамасы Грекиямен жолдама үшін шеберлік байқасады.

Қазіргі кезде EURO-2024 додасына қатысуға тоғыз құрама мүмкіндік алып отыр. Алдағы құрлықтық біріншілікке қатысушылардың үштен бірінен астамы белгілі болды. Германия турнирдің қожайыны ретінде іріктеу кезеңіне қатыспай, жолдамаға ие болды. А тобынан – Испания мен Шотландия, В тобынан – Франция, С тобынан – Англия, D тобынан – Түркия, F тобынан – Бельгия мен Австрия, J тобынан – Португалия құрамалары қарсыластарына қамшы салдырмай, іріктеу кезеңінен сүрінбей өтті.