BANNER

Қысқы Универсиада: Бүгін қазақстандық жастар үш спорт түрінен сынға түседі

Сурет: Туризм және спорт министрлігі

14 қаңтарда Италияның Турин қаласында 2025 жылғы Қысқы универсиаданың алғашқы жарыс күнінде қазақстандық спортшылар биатлон, фристайл-могул және шайбалы хоккейден сынға түседі, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.

Алдымен 14:00-де биатлоннан ерлер арасында жекелей сында Вадим Куралес, Кирилл Бауэр, Ержанат Қуандық, Никита Акимов жарыс жолына шығады.

Ал, 15:00-де фристайл-могулдан іріктеу кезеңінде Анастасия Гордко, Аяулым Әміренова, Максим Емельянов, Федор Бугаков, Семен Русаков, Антон Бондарев жарысқа шықса, финал 18:30-ға жоспарланған.

Сондай-ақ, 17:00-де биатлоннан әйелдер арасында жекелей сында Милана Генева, Полина Егорова, Алина Скрипкина, Айша Ракишева ел намысын қорғайды.

Сағат 20:30-де шайбалы хоккейден Қазақстан ерлер құрамасы Оңтүстік Корея, 20:30-де еліміздің әйелдер құрамасы Чехиямен мұз айдынға шығады.

Айта кетсек, 13 қаңтарда Италияның Турин қаласында 2025 жылғы қысқы универсиаданың салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Дүбірлі дода 13-23 қаңтар аралығында өтеді. Оған әлемнің 57 елінен 2000-нан астам спортшы қатысады. Жарыс бағдарламасында 11 спорт түрі бойынша 96 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Қысқы Универсиадада Қазақстан құрамасынан 103 спортшы 11 спорт түрі бойынша бақ сынайды. Олар биатлон, шорт-трек, шаңғы жарысы, мәнерлеп сырғанау, қысқы спорттық бағдарлау, фристайл, тау шаңғысы, ерлер және әйелдер хоккейі, сондай-ақ парашаңғы жарыстары бойынша сынға түспек.