Қыз зорлады деген күдікке ілінген атақты боксшы Жанқош Тұраров өзіне тағылған айыпқа қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды life09 ақпарат агенттігі.
Боксшы мұның бәрі жала екенін мәлімдеді.
«3 қыз өсіріп отырған әкемін! Төсектес қыз керек болса маған зорламай-ақ келетін жағдайым бар! Қайдан шыққан жала екенін өзім де түсінбей отырмын, қазір мәселенің мән жайын анықтап, кім қандай жала тағып отырғанын анықтайтын боламын», — деді ол өзінің инстаграм парақшасында.
Бұған дейін ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде танымал қазақстандық боксшы Жанкош Тұраров «қыз зорлады» деген ақпарат тараған болатын. Аталған дерекке қатысты Алматы полициясы пікір білдірді.
Полиция мәліметінше, Алматы қаласы Әуезов ауданының Полиция департаменті қылмыстық іс қозғаған.
«Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазір оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу жалғасып жатыр», — деп жазылған хабарлама.
Айта кетейік, Жанқош Тұраров 28 қыркүйекте Алматы қаласында өтетін кәсіпқой бокс кешінде өнер көрсетеді.