BANNER

8 Наурыз мерекесіне не сыйлауға болады?

Фото жүктелмеген

Барлық нәзік жандылар қауымы асыға күтетін, көктем мерекесі 8 наурыз жақындап келеді. Бұл күнді бәріміз әдемі гүлдермен, қымбат сыйлықтармен тойлауды әдетке айналдырдық. Алайда бұл мерекенің тарихи бастауы барша әйелдердің өз құқықтары үшін күресінде жатқанын бірі - білсе, бірі – білмеуі мүмкін. Бұл күннің астарында не жатыр?

Кеңестік кезеңде 1857 жылы еңбекші әйелдер жұмыстың қолайсыздығы мен төмен жалақы үшін наразылық білдіріп, көтеріліске шыққан. Сол арқылы қоғамды өз мәселелеріне назар аударуға шақырған. Бұл оқиға 8 наурыз күні болған деседі. 

Ал 1910 жылы әйелдер қозғалысының белсенді мүшесі Клара Цеткин 8 наурыз күнін халықаралық әйелдер күні ретінде атап өту туралы ұсыныс жасайды. Содан бері бұл мейрам жылдар өте саяси мәні жоғалтып, көктем, сұлулық және әйелдерге деген құрметті насихаттайтын мерекеге айналды.

Дегенмен бұл күн барлық елде ресми түрде атап өтілмейді. Мысалы, Америка мен Ұлыбританияда, Қытай, Үндістан мемлекеттерінде мұндай мереке жоқ. Ал Қазақстанда 8 наурыз күні жас ерекшеліктеріне қарамастан барлық нәзік жандылар қошеметке бөленеді.

Мереке күндері әдеттегі уақыттан көбірек қоқыс шығады. Гүлдің сыртындағы қаптамасы, сыйлықтың қорабы, одан қалса пластик ыдыстар сияқты қалдықтар мерекеден соң қоқысқа кетеді. Оның біразы өңделмейтін материалдардан жасалады. Сондықтан сыйлықты да қоршаған ортаға зиянын тигізбей беруді әдетке айналдырған жөн.

Бүгінгі таңда сыйлықтың таптырмас түрі – сертификат. Мысалы, демалыс орнына, фитнеске, массажға, кез келген дүкенге сертификат, театрға немесе концертке билет сыйлауға болады. Бұл адамның сергуіне жәрдемдеседі. Адамға қолданбайтын затты сыйлағаннан гөрі қалаған затын алуға мүмкіндік берген дұрысырақ. Тіпті қазір сертификатты электронды түрде алуға да болады.

Тағам мен жеміс-жидек. Көкөніс пен жеміс-жидектен тек органикалық қалдық қалады. Ал органика топырақта тез шіріп кетеді. Сондықтан балғын жемісті де, кепкен жемісті де қорапқа әдемілеп салып, сәлемдеме түрінде жіберуге болады. 

Экологиялық заттар. Мұндай сыйлықтардың санында шек жоқ. Кез келген ұзақ пайдаланылатын затты экотауарлар қатарына жатқызуға болады. Мысалы, шыны ыдыстар, темір контейнер, ағаштан жасалған заттар, көп қолдануға арналған заттар, Көп қолдануға болатын блокнот және кітап тағы басқа. Дәл осы заттармен қатар экологиялық косметикалар мен артық қоспасыз күтім заттарын сыйлай аласыз.

Сыйлықты дұрыс таңдау үшін әйелдің жасына, оның өмірсалты мен қызығушылығына, кәсібіне аса мән берген жөн. "Әйел" затына сыйлық сыйлап, қуанту үшін арнайы бір күн болуы міндетті емес. Себебі, әйелдер қауымы күнде бақытты болуға лайықты емес пе?

Әсем Секербай