(ғұмырбаяндық эссе)
“Поэты рождаются в провинций, а умерают в Париже” (франц).
Я-- поэт. Этим и интересен" (В. Маяковский).
"Өзге емес, өзім айтам өз жайымды"(Қасым).
Барыс жылытуған асау Балықпын.
Жердің тілін,
Шөлдің мұңын шала ұқтым.
Мұң-шері мен қасіретінде жүзгенмін,
Мұхиты жоқ қазақ деген халықтың.
Судың жырын,
Шөлдің мұңын айтқан күн,
Жағалауға шығуға да шақ қалдым.
Тоқырауынмен құмға сіңіп, құрдымға,
Көк теңіздің түбін көріп қайтқанмын.
Арпалысып асау толқын жалымен,
Батысты да,
Шығысты да шалып ем.
Шарап дейтін шалқар мұхит бетінде,
Шалқасынан жатып жүзген балық ем...
Тынық Мұхитында-дағы жүзер ем,
Үнді мұхитында-дағы жүзер ем.
Барыс жылы туған балық болған соң,
Сырдың суы келген емес тізеден.
Алаш дейтін айдын-көлім,
Шер — жүрек,
Желден де озып,,
Серпіп сеңді, селді кеп, --
Жер түбінен Саған жүзіп келемін,
Желбезегім желбіреп...
Мен 1950 жылы, 29 наурызда ( төлқұжатта--солай), сол кездегі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Кеңасу селолық кеңесінде дүниеге келіппін. Бұл Қызыларай тауының етегі. Сарыарқадағы биік тау. Арқадағы ең биік шың Ақсораң да-- осында. Одан заңғар шың болар деп ойламаған едім. Алғаш рет бұлтқа оранған Алатауды көргенде көз алдымның көгілдір мұнарға көміліп кеткені әлі есімде. Алатаудың етегінде ғұмыр кешсем арман болмас дегем... Қанға сіңген қасиет – мұзарт шыңдар мен биік тауларды жанымдай жақсы көремін. Ең жек көретін нәрсем – Рухани Ергежейлі!
Төлқұжат-- пенденің жасайтын ісі, баласының нақ туған күнін төлқұжаты түгілі, әкесі де біле бермейді, шешем сен 8 наурыз--әйелдер мерекесінде туғансың деп отыратын, онда оны осы күнгі жұлдызнамаға салсаң, балық болып шыға келем....
Алатауға қанша есім кеткенмен, Алматыда өмір сүруді тағдыр менің маңдайыма жазбады. Әдеби ортада бола алмағаным әрі азап, әрі ғажап болды.
Алматыны адамзаттың ару шаһары деп ойлаймын. Оған бір-ақ нәрсе жетіспей тұр. Ол – Ақындар аллеясы. Осы жерде Алаш ақындарының азалы келбеті мен асқақ бейнесін қоладан құйса, жер бауырлаған ұлттық рух басын көкке көтерер еді. Асан Қайғыдан – Маралтайға дейін! Маған сол жерде Дәуітәлі Стамбековтен кейіндеу бір орын бұйыртса жетеді.
Өлеңді 13 жасымнан жазыппын. Қара тер болып, қиналып жазамын, еліктеп-солықтау кезеңінде мен де көп жүрдім. Небір ұлы ақындардың шаһқар (шедевр) дүниелеріне мен де талай көшірме жасап мәз болғам... Қазір бәрін тастап, Абайға бет түзеп келе жатқанымды ішім сезеді. Мұны Қасиетті Кітапта «Адасқан ұлдың туған ошағына қайтып оралуы» -дейді.
Менің шығармашылығым хақында шаршы топта алғаш рет жылы лебіз білдірген Қуан-аға (Қуандық Шаңғытбаев). 1975 жылы Керекуде өткен жас ақын-жазушылардың аймақтық кеңесінің кезі еді. Сонда кітаптарындағы суреттерін ғана танитын сөз шеберлерін көзіммен көрдім. ОлжасСүлейменовті көргенде: «Поэт красивым должен, быть, как бог!» деген сөзі есіме түсті. Содан бері өзіме өзімнің көңілім толмай келеді.
Таяуда Астана кітап көрмесі-17"-де келісті әдемі бір әйел келіп: "Мені ұмытып қалған жоқсыз ба?-деді іш тартып, – 1974- інші жылғы Павлодардағы жас ақын-жазушылардың аймақтық кеңесі есіңізде жоқ па?" ." – Бас жағы есімде, соңғы жағы бұлдыр..."-дедім шынымды айтып."Мен 25 жасыңда көргенде-ақ, көзің бұлдырап жүр едің..." деді ол бірден "сенге" көшіп, «– Қуандық Шаңғытбаевтің секциясында екеуміз қатар отырғанбыз. Онда лапылдаған жас едік-ау?-деді біраз күрсініп, – Сен онда, тіпті, ор қояндай ойнап тұр едің! Сенің кезегің он бес шақты ақыннан кейін кештеу келді. Сен Чили туралы ұзақ бір жыр оқып едің, Қуандық Шаңғытбаев " – О, мен өз ақынымды таптым!"-деп, бізді таратып жіберіп, сені қолтығына алып, жүріп кетті... Сол қолтықтаған күйі сені Қалижан Бекқожин, Олжас Сүлейменовтердің ортасына кіргізіп жіберді деп естідік? Ертеңіне поэзия кеші болды.Сен екеуміз қатар отырдық. Олжас жыр оқығанда көзіңді ашып аласың да, одан кейін қайта қалғып кетесің... Мен сені сонда неше мәрте түртіп ояттым ғой?! Әрине, есіңде жоқ! Қуан ағаң сонда: "Ақсұңқарұлын осы бір-ақ жырымен одаққа алуға болады!"-дегенде зал іші дүрілдеп кетіп еді...".
" – Ол сөз есімде..."-дедім мен де өзімше мағұмұрланып. "Ол кезде сен де Айдай ару болған шығарсың?"-дедім ырза болып, – өзімше комплимент жасаған түрім-ді. "Не деп отырсың?!-деді әйел мені жақтырмай, "Ертістегі неткен ерке елік ең, Керекуге бір сені іздеп келім ем..."-деген маған арнаған өлеңің де есіңде жоқ па?! Ол кезде Олжекеңнің қырықта қылшылдап тұрған кезі. Бәріміз соған ғашық боп жүргеміз! Саған қарайлау қайда?!. Сырлы аяқтай, сырым кетсе де, сыным әлі кете қойған жоқ!".
"Ертістегі неткен ерке елік ең, Керекуге бір сені іздеп келім ем..."-дей бердім ішімнен күбірлеп, қаншама өлеңім өстіп өліп кетті екен? Қаншама жерде...Александр Блок айтпақшы, әдеби орта –"около литаратурная дамаларымен" әдемі екен ғой, шіркін!
"50-ші жылдары-деп еді сол жолы Қуан аға (Қуандық Шаңғытбаев) маған,–сенің Қасым көкең осындағы екі ақынға қарап отырып, айтып еді: "Мына көбелектің (алып ұшқан талантты жас ақынды айтқаны )арқасына өлең қонған...Ал, ана жапалақ ( дәлдүріш) өлеңнің арқасына өзі қонайын деп жүр... Қасым ағаңды пір тұтсаң, адаспайсың ғой? Байқап жүр, бірақ!”.
Қуандық Шаңғытбай
Түсімде жан бір суынып, бір ысып,
Қуан ағам осы неге жүр ұшып?
Хаямменен шарап ішіп Ширазда,
Шотландияда-- Бернспен сыра ішіп?
Жұмақ бағы.
Желқайық.
Желқайықта--үшеу, басққа ел--ғайып:
Келе жатыр, оң жағында--Әуезов,
Сол жағында--Маршак...
... Сағи Жиенбаев!
"Барға барсаң шықпай қойма шатасып,
Ақынның да күндесі көп, бақасы..."-
Деген маған Керекуде осыноу--
Қазақ Лирикасының Сол Атасы!
"Қарашы,
Бересі--көп, ақында жоқ--аласы.
Соны білсең, алдың--мұзарт, артың --гу...
Ал, ұшып кет, Ақсұқардың баласы!.."
...Түс қашады, сонсоң, көзім байланып:
"Барасыңдар , ей, Көкемді қайда алып?!."
Жөней берді Хаям болып біресе ол,
Біресе --Роберт Бернске айналып;
Қасымға айналып,--
Жасынға айналып!
Басым айналып...
СЕРІК АҚСҰҢҚАРҰЛЫ