Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры дәстүрге айналған күзгі DosStar оперетта және мюзикл фестиваліне шақырады. Биыл мәдени іс-шара 14-ші рет өтпек. 19–21 қыркүйек күндері музыкалық өнердің мерекесі ұйымдастырылып, Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан және Венгриядан келген әртістер сахнаға шығады.
Фестивальдің басты қойылымдарының бірі – «Ревизор.Incognito» мюзиклі. Гогольдің классикалық комедиясының заманауи үлгісін Ташкенттен келген қонақтар – Өзбекстан мемлекеттік музыкалық комедия театры ұсынады. Қоюшы-режиссёр Руслан Шерездановтың айтуынша, «Ревизор» қай заманда да өз маңызын жоймайды: адамдардың табиғаты өзгермейді, ал кемшіліктер уақытпен бірге жоғалмайды. Қойылым барысында ішекті квинтет сүйемелдеуімен орыс халық әндері мен романстар шырқалады. Көрермендерге қызықты әрі жеңіл тәрбиелік астары бар көрініс ұсынылады.
Бағдарлама аясында Астанадағы Қазақ ұлттық хореография академиясының тәрбиеленушілері дайындаған балеттік гала-концерт те көрсетіледі.
Фестивальдің шарықтау сәті де әсерлі болмақ – қорытынды гала-концертте әртүрлі елдердің танымал солистері театрдың симфониялық оркестрімен бірге өнер көрсетеді.
«Музыка, сезім мен сұлулық әлеміне бізбен бірге саяхаттауға шақырамыз!» – делінген Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының шақыруында.
Ашық форматтағы DosStar фестивалі Қарағандыда 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы жылдар ішінде ол өңірдің мәдени брендіне айналып, тек кәсіби шеберлікті паш ететін сахналық алаң ғана емес, өнерсүйер қауым мен пікірлес жандардың бас қосар ортасына айналды.
Дереккөз: Gov.kz