Қарағанды облысында 2021–2030 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы агроөнеркәсіптік кешенін дамыту тұжырымдамасы аясында ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда.
Жүргізіліп жатқан жұмыстың басты бағыттарының бірі – модульді ветеринариялық пункттер салу.
Заманауи, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген нысандар ауылдық елді мекен тұрғындарына ветеринариялық көмекті сапалы алуға және мал шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
2024 жылғы кезең
Өткен жылы өңірдің алты елді мекенінде модульді ветеринариялық пункттер салуға 100 миллион теңге бөлінді. Жаңа нысандарды Үміткер ауылдық округінде (Бұқар жырау ауданы), Егіндібұлақ ауылдық округінде (Қарқаралы ауданы), Баршын ауылында (Нұра ауданы), Ақбұлақ ауылында (Осакаров ауданы), Успен ауылында (Шет ауданы) және Сәкен Сейфуллин атындағы кентте салу жоспарланған болатын.
Мердігер ретінде «ПСК Строй Инвест» ЖШС анықталып, 98,3 миллион теңгеге келісімшарт жасалды. Алайда жұмыстарды аяқтау мерзімінің бұзылуына байланысты құжаттар сотқа берілді.
Сонымен қатар Абай ауданының Көксұн ауылында құны 143 миллион теңге болатын үлгілік ветеринариялық пункттің құрылысы аяқталды. Нысан қазір аудандық ветеринариялық станцияның балансына берілді.
2025 жылға жоспар
Биыл ветеринариялық желіні дамытуға тағы 100 миллион теңге бөлінді. Қаражат Нүркен (Ақтоғай ауданы), Көкпекті (Бұқар жырау ауданы), Көктас (Қарқаралы ауданы), Ізенді (Нұра ауданы) ауылдарында және Саран қаласында пункттер салуға бағытталды. Құрылыс жұмыстары аяқталды, нысандарды жергілікті ветеринариялық станцияларға беру рәсімдері жүргізілуде.
Неліктен бұл маңызды
Модульді ветеринариялық пункттер ауыл тұрғындары үшін аса қажет. Олар:
- жануарларға вакцинация және емдеу жұмыстарын жүргізуге;
- аурудың таралуына жедел әрекет етуге;
- мал шаруашылығы өнімдерінің сапасын бақылауға мүмкіндік береді.
Бұл өз кезегінде өңірдің эпизоотиялық қауіпсіздігіне, халықтың денсаулығына және шаруа қожалықтарының тұрақты жұмысына тікелей әсер етеді.