BANNER

Цифрлық қауіпсіздіктің қазіргі қоғамдағы өзектілігі

Фото: pixabay.com

Қазіргі таңда ақпараттық технологиялардың дамуы өміріміздің барлық саласына әсер етуде. Әрине, бұл прогресс адамзаттың жұмысын жеңілдеткенімен, кей жағдайларда адамдардың жеке басына қатысты ақпарат көздеріне қауіп төндіруі мүмкін. Солардың бірі – цифрлық қауіпсіздік мәселесі. Цифрлық қауіпсіздік ақпараттық жүйелер мен желілерді қорғау, деректерді қорғау шараларын қамтиды.

Цифрлық дәуірде дербес деректерді қорғау мәселесі бұрынғыдан да маңызды бола түсті. Дербес дерек – адамның жеке басына, отбасына, кәсіби қызметіне қатысты ақпарат. Мұндай ақпаратты қорғау – адамдардың жеке өмірін, құқығы мен бостандығын қорғаудың негізі.

Дербес деректі қорғау – деректерді рұқсатсыз қолжетімділіктен, ұрлаудан, бұрмалаудан және заңсыз пайдаланудан қорғауға бағытталған шара жиынтығы. Дербес дерекке аты-жөні, туған күні, мекенжайы, телефон нөмірі, электронды пошта мекенжайы, медициналық жазбалар, қаржылық ақпарат және басқа да жеке ақпарат жатады. Осының барлығы дұрыс қорғалмаса, жеке тұлғаға зиян келтіруі мүмкін, мысалы, жеке басына үлкен қауіп немесе алаяқтық жасау арқылы зиян тиюі мүмкін.

Енді, сәйкесінше жеке деректі қорғаудың маңыздылығына тоқталайық. Дербес деректерді қорғау жеке өмірге қол сұғылмаушылықты қамтамасыз етеді. Дербес деректі қорғау азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғаудың ажырамас бөлігі болып есептеледі. Мәліметті рұқсатсыз пайдалану жеке тұлғаның құқығын шектеп, заңсыз әрекетке жол ашады. Дербес деректі қорғау ақпараттық қауіпсіздік деңгейін арттырады. Егер дербес дерек дұрыс қорғалмаса, ол хакерлердің шабуылына ұшырап, құпия ақпарат сыртқа шығып кетуі мүмкін. Көптеген елде дербес деректі қорғау бойынша арнайы заң қабылданған. Мысалы, Қазақстанда «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заң 2013 жылы қабылданған. Бұл заң дербес деректерді жинау, өңдеу және сақтау қағидаларын реттейді және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған.

Дұрыс қорғалған дербес дерек адамдардың жеке өмірін, құқығы мен бостандығын қорғауға, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әрбір азамат дербес деректерін қорғаудың маңыздылығын түсінуі және осы саладағы заңнаманы сақтауы тиіс.

Цифрлық қауіпсіздіктің маңызы: 

Цифрлық қауіпсіздік әсіресе жеке тұлғалар мен кәсіпорындар үшін өте маңызды. Әрбір адам күнделікті өмірінде интернетті, әлеуметтік желілерді қолданады, түрлі онлайн қызметтерді пайдаланады. Бірақ бұл әрекеттер бізді кибершабуылдардан, алаяқтықтан және деректерді жоғалту қатерінен қорғай алмайды. 

Цифрлық қауіпсіздік интернеттегі барлық операцияларды қауіпсіз әрі сенімді ету үшін қажет. Банк есепшоттарынан бастап жеке ақпараттарға дейін барлық мәліметтер интернетте сақталады, ал олардың сақталуы мен қорғалуы біздің қауіпсіздігіміздің кепілі болып саналады. 

Цифрлық қауіпсіздікті сақтамаудың қаупі: 

1. Кибершабуылдар. Яғни, хакерлердің жүйелерге кіру арқылы ақпараттарды ұрлауы немесе оларды пайдалануы. Бұл шабуылдар жеке тұлғаларға ғана емес, ірі компаниялар мен мемлекеттік органдарға да бағытталуы мүмкін. 

2. Алаяқтық. Интернетте алаяқтар жеке деректерді жинап, қаржы ұрлығын жүзеге асыру үшін түрлі әдістерді қолданады. 

3. Мәліметтердің жоғалуы. Деректерді сақтау кезіндегі жүйелердің бұзылуы немесе жүйе ақауы салдарынан жеке немесе компаниялық мәліметтердің жоғалуы. Бұл өте үлкен қаржылық шығындарға әкелуі мүмкін. 

Цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бірнеше негізгі шараларды қолдануға болады: 

1. Құпия сөздерді қорғау – Құпия сөздерді күрделі етіп таңдау және екі факторлы аутентификацияны қосу. Бұл шаралар онлайн есепшоттарды қауіпсіз етуге көмектеседі. 

2. Антивирустық бағдарламалар. Бұл құралдар жүйені зиянды бағдарламалардан қорғауға көмектеседі және сыртқы шабуылдарды болдырмайды. 

3. Білім беру және ақпараттандыру. Қоғамды цифрлық қауіпсіздік мәселелері бойынша біліммен қамтамасыз ету. Бұл адамдардың алаяқтардан және басқа да интернеттегі қауіпті әрекеттерден қорғануына мүмкіндік береді. 

4. Деректерді резервтеу – Вирустардан немесе жүйелік ақаулардан кейін деректердің жоғалуының алдын алу үшін жүйелі түрде резервтік көшірмелер жасау. 

Цифрлық қауіпсіздік – бүгінгі қоғамда өте маңызды әрі өзекті тақырып. Өзімізді және жақындарымызды қорғау үшін барлық қажетті шараны қабылдауға тиіспіз. Технологиялар дамыған сайын, біз де қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жаңа әдістер мен тәсілдер ойлап табуымыз қажет. Қауіпсіздікке көңіл бөлу арқылы ғана біз жеке өмірімізді және құпиялылығымызды сақтай аламыз.