Екібастұздағы апат: 11 көпқабатты, 70 жеке үй әлі жылусыз отыр

Ашық дереккөз

Екібастұзда әлі 11 көп қабатты үй мен 70 жеке үй тұрғындары жылусыз отыр, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі.

Қалада ғимараттар арасындағы желілер мен жылу тораптары қалпына келтірілгенімен, шаһарда әлі 11 көп қабатты үй мен 70 жеке үй тұрғындары жылусыз отыр. Өйткені бұл пәтерлердің радиаторлары ауыстырылуы тиіс.

Апатты жою үшін ірі кәсіпорындардың 500-ге жуық маманы тартылған. Әрбір үй бригадаларға бөлініп беріліп, ақаулар қалыпқа келтірілуде. Сонымен қатар, сумен жабдықтау жүйелеріне де жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Екібастұздың барлық білім беру мекемелері жылумен қамтамасыз етілген. Олар қалада жағдай қалыпқа келген кезде бұрынғы режимде жұмыс істейді.

Еске сала кетсек, 27 қарашада Екібастұзда жылу электр орталығындағы бірнеше қазанагрегат тоқтап, тұрғындар жылусыз қалған еді.