BANNER

Елімізде балалар арасындағы семіздік мәселесі өзекті болып отыр – сенатор

Фото жүктелмеген

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарованың айтуынша, елімізде балалар арасындағы семіздік мәселесі өзекті, деп хабарлайды saryarqanews.kz ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Бұл жайлы ол бүгін өтіп жатқан «Қазақстандағы балалар семіздігінің таралуын зерттеу» конференциясында мәлімдеді. Аталған шараның мақсаты – балалар семіздігінің және тамақтануының зерттеу нәтижелерін ұсыну, мектеп жасындағы балалар арасында артық дене салмағы және аз қимылды өмір салтының таралуы мәселесіне қоғамның назарын аудару.

«2022 жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар жылы» деп жариялады. Сондықтан биыл біз өз тарапымыздан балаларымыздың денсаулығын нығайтуға, өмір сүру сапасын арттыруға тиісті шараларды қабылдауымыз керек. Елімізде балалар арасындағы семіздік мәселесі өзекті. Жалпы күллі әлемде балалардың семіздікке шалдығуы белең алып барады. Дамыған елдерде осы теріс тенденцияға тосқауыл қою үшін кешенді жоспарлар жүзеге асырылуда. Бізде де қажетті шаралар қолға алынуы қажет», - деді сенатор.

Оның айтуынша, балалардың түрлі сырқаттарға шалдығуы, оның ішінде артық салмаққа душар болуы ел экономикасына әсер ететіндігі сөзсіз.

«Халықаралық зерттеу нәтижелері көрсеткендей, семіздіктің салдарынан 2050 жылы туған балалар қазіргілерге қарағанда аз өмір сүретін болады. Семіздік – халық өлімінің негізгі екі себептерінің біріне айналмақ. Сол үшін балаларды қаршадайынан дұрыс тамақтандыру – медицина, білім салаларындағы басты міндет болуы тиіс», - деді Ақмарал Әлназарова.