Еліміздің арнайы жасақтары халықаралық жарыстан елге оралды, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
Қазақстандық арнайы бөліністердің командалары БАӘ-ден елге оралды. Халықаралық UAE SWAT Challenge жарыстарында мемлекет намысын қорғап, үздік нәтиже көрсетті. Элиталық турнирдің жүлдегерлері мен қатысушыларын елорда әуежайында жақындары, әріптестері, сондай-ақ күштік құрылымдардың басшылығы салтанатпен қарсы алды.
Жауынгерлеріміздің жетістігі – бұл жеке жеңістері ғана емес, бүкіл Қазақстанның жеңісі. Бұл еліміздің күштік құрылымдарының қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша міндеттерін тиімді орындауға әрдайым дайын екендіктерін көрсетеді. Сіздер баршаға өз күштеріңізді, төзімділік пенкәсібиліктеріңізді көрсетіп, әлемдік деңгейде арнайы бөліністердің элитасы арасында еліміздің позициясын нығайттыңыздар, – деді ішкі істер министрі Ержан Саденов.
Бес күн бойы өткізілген “арнайы жасақ арасындағы олимпиада әлемнің түкпір-түкпірінен 100-ден астам команданы біріктірді. Қазақстанның күштік құрылымдарының атынан 12 команда қатысты.
Әлемнің үздік жауынгерлері шынайы операциялар негізінде жасалған бес күрделі кезеңнен өтті. Әртүрлі тактикалық сценарийлер бойынша әзірленген сынақтар әлемдік стандарттарға сай жабдықталған Дубай полициясының оқу орталығының базасында жүргізілді. Бұл тактикалық операциялар, шабуылдау, адамдарды құтқару, биік нысандарды еңсеру және кедергілерден өту. Тартысты турнирде қазақстандық командалар жеделдік, ұйымшылдық, дәлдік және біліктіліктерін көрсетті. ІІМ “Сұңқар” командасы үшкезеңде жүлделі орынға ие болды – олардың екеуі алтын. Жалпы көрсеткіш бойынша “Сұңқар” сайыпқырандары жарыстың күміс жүлдегері атанды.
Басқа да командалар қазақстандық жанкүйерлерді жоғары нәтижелерімен қуантты. Екінші кезеңде Мемлекеттік күзет қызметінің “Sardar A” командасы алтын алса, ҚР ҰҚК-нің “Arystan Team” командасы екі кезеңде үздік үштіктен көрінді. ҚРІІМ-нің “Tomiris” әйелдер командасы ерекше көзге түсті. Қазақстан атынан нәзік жандылардың құрамасы мұндай жарысқа алғаш рет қатысып отыр. Бәсекелестіктің жоғарылығына қарамастан, олар әйелдер командалары арасында 2-орынға ие болды.