«Суреттерді түсірген Жангелді Әбдіғалым». Газеттегі тартымды фотолардың шекесінде дәл осылай жүретінін «Орталықтың» оқырманы жақсы біледі. Үнемі кадрдан тыс қалатын қадірлі әріптесіміздің бір мезгіл еңбегін әспеттеу – әріптесі бізге жүк. Сейсенбі, 24 желтоқсан күні сағат 16:00-де Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде фототілші Жангелді Әбдіғалымның «Жанарымдағы жарқын сәт» атты қанатқақты көрмесі өтеді, қапы қалмаңыздар!
Жас фотографтың облыстық газетке орналасуында да ғажап сәйкестік бар. Бала кезінде тұрған Жезқазған қаласындағы үйі сол кездегі облыстық «Жезқазған туы» газетінде ұзақ жыл фототілші болған Кәмелбек Бәкіровпен қабырғалас екен. Талантты фотожурналистің жары Раушан Бәкірова бала Жангелдінің жыл сайынғы туған күнінде ойыншық фотоаппаратты сыйлыққа тарту етіп келіпті. Жолдасының жолын берсін деген жоралғы ниетпен.
Ата-анасы күндіз жұмысқа кететін болған соң бала Жангелдіні сол үйге тастап кететін көрінеді. Жас бала үйдің бұрышындағы марқұм фотографқа арналған мұражай-көрмені келген сайын қызықтап, тамашалайды. Совет үкіметі кезеңіндегі түрлі маркадағы фотоаппаратты қолымен ұстап, көреді екен.
Өз ісінің нағыз шебері бола білген Кәмелбек байырғы Жезқазған облысының шежіресін фотомен түзген. Міне, ғажап фототілшінің шеберлігі жұғысты болған Жангелдінің де облыстық газетте қызмет істеуі тегін емес.
«Орталыққа» қызметке қабылданған жас фотограф газетке керек кадрдың мүлдем басқаша болатынын бірден түсінеді. Ел-елге, жер-жерге сапарға шығады. Қолындағы «Canon R5» маркалы фотоаппаратымен сапалы суреттерді редакцияның орталықтандырылған компьютеріне жүктейді де, тағы жол тартады.
Сурет сөйлеп тұруы керек дейміз. Жангелдінің қоржынында ондай кадр жетерлік. Мәселен, 46 кенші қаза болған «Костенко» шахтасындағы ескерткіштің ашылуында түсірген фотосы жүректі елжіретеді. Қаза болған әкесінің суретін құшағына қысып алған қаршадай қыздың жанарынан мөлтілдеп аққан жасты мүлт жібермеген шеберлігіне қайран қалдық. Осы бір сурет кеншілерге тағзым жасаған сәттің ауыр әрі қастерлі екенін айқындап тұр. Осы секілді оның обьективінен әсерлі сәт, шынайы сезім шырт етіп шыға келеді.
Мұнымен қоса, қырдағы қызу науқан, өндірістегі жұмысшы, қарапайым еңбек адамының да жұмыстағы сәтін таспаға түсіреді. Осылайша оның қоржыны әр алуан фотолармен қатталып келеді.
Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Ortalyq Qazaqstan»