BANNER

Қарағанды облысында әкімдердің халықпен кездесулері жиілей түседі

Фото жүктелмеген

Қарағанды облысында әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерінің жылдық күнтізбесі әзірленеді. Жаңа тәртіпті өңір басшысы Жеңіс Қасымбек аппараттық кеңесте түсіндірді.

Облыс әкімі аудандар мен қалалардың тұрғындарымен жарты жылда бір рет кездеседі. Қалалардың, аудандардың, ауылдар мен кенттердің әкімдері кездесулерді тұрақты – тоқсанына кемінде бір рет өткізуі тиіс.

– Біздің облыс бойынша барлық деңгейдегі әкімдер жылына 1 660 кездесу өткізеді. Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасарлары өңірлерге кем дегенде жарты жылда бір рет баратын болады, – деді Жеңіс Қасымбек. – Бір елді мекендерге бірнеше рет бара беріп, кездесулерді қайталамауды сұраймын. Әрбір кездесуден кейін проблемалық мәселелерді шешу бойынша іс-қимыл жоспары әзірленеді.

Облыс әкімі Жезқазған, Сәтбаев, Приозёрск және Балқаш тұрғындарымен кездесу өткізгенін еске салды. Келесі есеп Ақтоғай ауданында жоспарланып отыр.

Жеңіс Қасымбек есеп беру кездесулерінің кестесі туралы тұрғындарды алдын ала хабардар етуді тапсырды.