Қарағанды облысында «Жыл мұғалімі – 2025» өңірлік байқауының қорытындысы шығарылды. Бұл – педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыруға және мұғалім мамандығының беделін нығайтуға бағытталған жыл сайынғы байқау. Биыл конкурста бақ сынаған 33 үміткердің ішінен тоғыз мұғалім ақтық сайысқа жолдама алды.

– Бұл конкурс жай ғана сайыс емес, мұғалімдердің кәсіби шеберлігін дамыту мен мәртебесін көтеруге арналған маңызды алаң. Бүгінде біздің міндетіміз – адал, жауапты азаматтарды тәрбиелеу, жастарға адамгершілік құндылықтарды сіңіру. Осы игі миссияны абыроймен атқарып жүргендеріңіз үшін өз алғысымды білдіремін, – деді финалистерге құттықтауын жеткізген білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев.

Іріктеу кезеңдерінде қатысушылар сабақтағы және сыныптан тыс жұмыстардағы шеберліктерін көрсетті.

Финал үш бөлімнен тұрды: «Визит карточкасында» педагогтер шығармашылық жұмыстарын таныстырды, «Ашық микрофонда» сұрақтарға жеребе бойынша жауап берді, ал «Мұғалімнің жексенбісі» атты үй тапсырмасында арнайы шығармашылық нөмір дайындау талап етілді.

Байқаудың гран-при жүлдесін Осакаров ауданы Ә. Бөкейхан атындағы тірек мектебінің тарих пәні мұғалімі Дәулеткерей Өнерхан иеленді. Ол – осы мектептің түлегі, университеттен кейін туған мектебіне қайта оралған жас педагог.
– Мұғалім үшін ең маңыздысы – мейірім, шынайылық, адалдық және еңбекқорлық. Мен оқушыларыма осыны үйретемін, – дейді жеңімпаз. – Қазылар алқасын шынайылығыммен және білімдарлығыммен баурадым деп ойлаймын. Үй тапсырмасында өзімнің нағыз жексенбімді көрсетті. Бұл – ең күрделі кезеңдердің бірі болды. «Ашық микрофон» да қызықты өтті: үш минут ішінде ой жинақтап, залдың алдында жауап беру қажет болды.

Бірінші орынды №2 арнайы мектеп-интернатының музыка пәні мұғалімі әрі дефектолог Медет Мауиянов алды. Екінші орын Шәкәрім атындағы гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әсем Қалиасқароваға бұйырды. Үшінші орынды Балқаш қаласындағы №12 орта мектептің химия пәні мұғалімі Қанат Мақажанов иеленді.

Сонымен қатар жекелеген номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталды:
«Үздік сабақ» – Бұқар жырау ауданы Киров негізгі мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Әсия Давлатова;
«Үздік сыныптан тыс іс-шара» – «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының физика пәні мұғалімі Айдар Мұрат;
«Үздік үй тапсырмасы» – Саран қаласындағы Абай атындағы мектептің математика пәні мұғалімі Гүлзада Сүлейменова.
Көрермендер көзайымы жүлдесін Приозерск қаласындағы №2 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Ольга Кузнецова жеңіп алды.

Рамазан Төребеков атындағы арнайы грант Қарқаралы ауданы М. Бапиұлы атындағы №44 мектептің математика пәні мұғалімі Жазира Адамбаеваға табысталды. Оның педагогикалық еңбек өтілі – 26 жыл, соның 24 жылын өзі оқыған алтын ұя мектебіне арнаған.

– Ең бастысы – өз мамандығыңды және балаларды сүю. Үнемі дамып, ізденісте болу керек. Мен оқушыларды білімге құштар болуға үйретуге тырысамын. Сабақтарда міндетті түрде интерактивтер мен заманауи технологияларды қолданамын. Балаларға қызық болу үшін олармен бірге жүріп, трендтерді біліп отыру қажет. Қазіргі жастар өте ілгері және бәрін тез меңгереді. Қызықтыра білсең, білімнің қаншалықты маңызды екенін өздері-ақ түсінеді, – дейді Жазира Адамбаева.

Дереккөз: gov.kz
