Өнеркәсіптік өңірдегі экологиялық проблемаларға көп көңіл бөлінеді және олардың көпшілігі біртіндеп өз шешімін табуда. Бұл туралы Қарағанды облысы бойынша экология департаментінде Жол картасының орындалуы бойынша аралық есепті таныстыру барысында мәлім болды. Кездесудің негізгі тақырыптары «ТЭМК» АҚ ХМЗ және «Қарағанды Энергоорталық» ЖШС-нің негізгі іс-шараларды орындауы болды.
Мәселен, «ТЭМК» АҚ химия-металлургия зауыты ластаушы заттар шығарындыларына автоматтандырылған мониторинг жүйесін (АМЖ) орнатты. Енді деректер ұлттық базаға нақты уақыт режимінде түседі, бұл шығарындылардың көлемін жедел бақылауға және бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.
– Бұрын сынама алу қолмен жүргізілетін, бұл бақылаудың жеделдігін шектейтін. АМЖ орнату экологиялық мониторингті жаңғыртуда маңызды қадам болды, – дейді «ТЭМК» АҚ басқарма төрағасы Арыстанбек Түпеев. – Келесі кезең – ағынды суларды ағызу мониторингінің осыған ұқсас жүйесін енгізу.
Жылу және экология мәселелерінде де тепе-теңдік табылды. Өңірдегі жылу және электр энергиясын ірі жеткізуші «Қарағанды Энергоорталық» компаниясы экологиялық жаңғырту бағытында елеулі қадамдар жасауда.
Кәсіпорында қазандық агрегаттарындағы эмульгаторларды жаңа, үшінші буынға ауыстыру бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде, олар шығарындыларды 99,67% дейін тазартуды қамтамасыз етеді. Күл ұстайтын үш қондырғы шығарындыларды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берді.
Ескірген жабдықтарды ауыстыру жұмыстары 2023 жылы басталды және 2026 жылға дейін жалғасады. Бұл кезеңдік тәсіл өнімділікті төмендетпей технологияларды енгізуге мүмкіндік береді.
Тағы бір жаңалық – түтін газдарын автоматты бақылау жүйесі. Олар қарағандылық ТЭЦ-1 мен ТЭЦ-3-те жұмыс істей бастады.
– Қазандық агрегаттарының газ жолдарына орнатылған жабдықтар шығатын газдардағы заттардың шығарылуын үздіксіз бақылауға мүмкіндік береді, – дейді «Қарағанды Энергоорталық» ЖШС техникалық директоры Мұхтар Сүлейменов. – Онлайн-режимде датчиктер шығатын газдардың температурасын, ылғалдылығын белгілейді, олардағы заттардың шоғырлануын бақылайды, түтін құбырындағы газ ағынының жылдамдығын бақылайды, сондай-ақ атмосфералық ауа сапасының белгіленген нормативтерін сақтау үшін алынған өлшемдерді талдайды.
Барлық деректер ЖЭО-ны басқарудың бас және орталық жылу қалқандарына келіп түседі, бұл ауаның жай-күйін бақылап қана қоймай, кез келген ауытқуларға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.
Шығарындыларды азайту, бақылаудың ашықтығы және жаңа технологияларды енгізу – өңірдің экологиялық проблемаларын кешенді шешу және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі маңызды қадамдар.
Қарағанды облысы бойынша экология департаментінің ақпараты бойынша