Қайырымдылық акциялары, ерлік сабақтары және ардагерлерге құрмет: Қарағанды облысында мамыр мерекелерін атап өту жайлы

әкімдік

Биыл Қарағанды облысында мамыр мерекелері "Бірлік және ынтымақтастық" ұранымен өтеді. Өңірде су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін қайырымдылық акциялары ұйымдастырылады, ерлік сабақтары, сондай-ақ ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің үйіне барып, құрмет көрсету жоспарланып отыр.

Бірлік күні қарсаңында облыста су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек көрсету бойынша "Береке – Бірлік" республикалық акциясы басталады. Солтүстік Қазақстан облысына "Қайырымдық керуені" гуманитарлық жүгі бар керуен жіберіледі. Сондай-ақ, облыста су тасқыны кезінде құтқару шараларымен айналысқан еріктілер мен ТЖД қызметкерлеріне құрмет көрсетіледі.

– Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс Күнін мерекелеу барысында соғыс батыры, бірінші Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов пен Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығын мерекелеу аясында өткізілетін іс-шаралар ұйымдачтырылады. 7 мамырда қорғаныс-бұқаралық және патриоттық жұмыс айлығын қорытындылаймыз. Сондай-ақ, бұл күндері ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері мен әскери қызметшілерін құрметтейтін облыстық әскери-патриоттық форум және облыстық "Индустриальная Караганда" газетінің жүлделеріне арналған 77-ші жеңілатлетикалық эстафета өтеді. Білім беру ұйымдарында бейбіт кездері де ерлік көрсеткен әскери қызметшілерді, ардагерлерді, қатардағы азаматтарды шақыра отырып, ерліе сабақтары өтеді, – деді ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов аппараттық кеңесте.

Әскери бөлімдер мен гарнизондарда оқушылар мен болашақ әскерге шақырылушылар үшін әскери қызметпен танысу мүмкіндігін беретін ашық есік күндері болады.

Тоғызыншы мамырда дәстүр бойынша Мәңгілік алай алдында гүл шоқтарын қою рәсімі, сондай-ақ ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін үйлеріне барып құрмет көрсету рәсімі өтеді. Бүгінгі таңда облыста Ұлы Отан соғысына қатысқан 11 ардагер қалды. Жеңіс Күні қарсаңында олар 2 миллион теңге көлемінде біржолғы төлем алады. Сондай-ақ, жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген адамдарға 50-ден 200 мың теңгеге дейінгі біржолғы материалдық төлем көзделген.

– Жеңіс күні біз үшін ерекше маңызды мереке. Облыста барлығы 11 ҰОС ардагері бар. Олардың ешқайсысы назардан тыс қалмауы керек және оларды құттықтауымыз керек. Сонымен қатар, алдағы мамыр мерекелері жалпыұлттық күн тәртібіне сай және жүйелі сипатта болуы, қажетсіз сән-салтанат пен ысырапшылдықсыз өтуі тиіс. Әскери-патриоттық іс-шараларға Ауған соғысының ардагерлері мен Тәжік – Ауған шекарасындағы  іс-қимылдарының ардагерлерін қосу қажет, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Еріктілер мен жастар ұйымдарының желісі бойынша "Ардагерлерге тағзым" қайырымдылық акциясы ұйымдастырылады. Сонымен қатар, дәстүрлі түрде онлайн-форматта "Ер есімі – ел есінде" акциясы өтеді.