Қазақ сумошысы Ерсін Балтағұл Токиода өткен Хацу бащёның ең жоғарғы алаңы Макучи дивизионындағы жарыста үздік үштіктен көрінді, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі massaget.kz-ке сілтеме жасап.
Ерсін сумода Кинбозан Харуки атымен күреседі. Жылдың алғашқы жарысын отандасымыз сәтті бастады. 15 күн ішінде 13 қарсыласын ұтып, 2-не ғана жол берді. Соңғы жарыс күніне дейін көш бастап тұрды.
Соңғы жарыс күні қорытындысы бойынша Кинбозан секілді нәтижеге моңғол Хошорю Бямбасүрэн мен жапон Охо Коносуке де қол жеткізді. Нәтижесінде үш спортшы өзара күресіп, үздікті анықтады.
Айналмалы жүйеде өткен чемпиондық белдесуде Ерсін екі қарсыласына да есе жіберіп алды. Моңғол балуаны чемпион атанып, сумоның ең жоғарғы атағы Ёкозуна дәрежесіне қол жеткізді. Бұл атаққа ие болған 6-шы моңғол сумошысы атанды.
Ерсін былтыр осы Хацу бащёны 4-орынмен аяқтаған еді. Былтырғы нәтижесі – 11 жеңіс, 4 жеңіліс.
Қазақстандық сумошы Хацу бащёда үздік үштіктен көрінгені үшін кантосе (жеңіске деген жігері үшін) жүлдесін және 12,8 мың АҚШ долларын иеленеді. Сондай-ақ рейтингі жоғарылайтын болады. Ол кәсіби сумода осындай жетістікке жеткен алғашқы қазақ спортшысы.