BANNER

Қазақстан - біздің ата жұртымыз

Фото жүктелмеген

Қазақстандықтар 1 наурыз көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін Алғыс айту күнін тойлайды. Осы орайда қазақ жерінде білім алып жүрген түрік бауырымыз қазақстандықтарға ізгі тілегін жолдады.  

Фетхулла Халлач - түрік азаматы. Жасы 27-де. Ол шет елде оқуға мүмкіндік туған сәтте ойланбастан Қазақстанды таңдаған. Қазіргі кезде Түркістан облысындағы Қожа Ахмет Йассауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алып жүр. 

-Біз мектепте оқып жүрген кезде оқулықтардың соңғы беттерінде түркі мемлекеттерінің картасы болатын. Біз сол карта арқылы барлық мемлекет жайлы толыққанды біліп, тарихын зерттейтінбіз. Сосын болашақта осы жерлерге барып көру керек деген ой туды. Бұл жерді біздің ата-бабамыз мекен еткен. Ұлы Түркістан жеріне қызығушылық сол сәттен басталды, - дейді Фетхулла Халлач.

Университетте дайындық факультетінде 1 жылдай қазақ және орыс тілін үйренген. Қазақ тілі түрік тіліне ұқсас болғандықтан тілді меңгеру қиынға соқпағанын айтады.

-Біз түріктілдес халықтармыз. Екі тілдің грамматикасы ұқсас. Мен үшін қазақ тілі өз ана тілім сияқты. Қазақша ойлап, қазақша жазамын, - дейді түрік бауырымыз. 

Фетхулла Халлач Қазақстанға бауырлас елдердің қарым-қатынасын дамыту үшін және шет ел тілін үйрену мақсатында келген. 

-Тіл білген жақсы. Бір ғалым айтқан екен «Бір тіл білген бір адам, екі тіл білген екі адам» деп. Ол қашан да керек. Мен өз жерімде жүрген сияқты сезінем. Маған бұл жер қатты ұнадйы. Мұнда жаңа дүниелермен танысып жатырмын, - дейді ол.

Сондай-ақ, Фетхулла Халлач Абай Құнанбайұлы мен Мағжан Жұмабаевті сүйіп оқиды екен. Қара сөздерімен қоса, өлеңдерін де жатқа біледі. 

Түрік бауырымыз қазақтың қонақжайлылығына, достығына алғысын білдірді. Екі елдің бірлігі, татулығы өте маңызды екенін айтты.

Әсем Секербай