BANNER

Киберқауіпсіздікке арналған форум Қарқаралы ауданында өтті

Сурет автордан

2025 жылғы 6 мамырда Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданының Мәдениет үйінде «Киберқатерлер және білім беру ортасын қорғау» тақырыбында форум өтті. Іс-шара Қарағанды облысы Білім басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында және «Жастар қозғалысы – Қазақстан болашағы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен, Қарағанды облысы Полиция департаментінің қолдауымен, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік саласындағы сарапшылардың қатысуымен өткізілді.

1

Форумның мақсаты

Цифрлық сауаттылықты арттыру және оқушылар мен педагогтар арасында интернеттегі қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру.

Қатысушылар құрамы

Форумға 350-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында:

білім беру ұйымдарының қызметкерлері,

құқық қорғау органдарының өкілдері,

ақпараттық қауіпсіздік мамандары,

ҮЕҰ мүшелері мен белсенді жастар бар.

Басты спикерлер:

Күсенбаева Малика Манатқызы – ҚР ІІМ жанындағы ішкі істер органдары мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің мүшесі;

Сүлеймен Сағындық Мұратұлы – Қарағанды облысы Полиция департаментінің майоры.

Форум тақырыптары

Іс-шара аясында бірнеше тақырыптық секциялар өтті. Атап айтқанда:

«Цифрлық сауаттылық – білім беру ортасын қорғаудың маңызды бөлігі» атты секцияда оқушыларды желідегі қауіптерден қорғау жолдары, дербес деректерді сақтау, контент сүзгілерін пайдалану және интернет-алаяқтықтың алдын алу жолдары ұсынылды.

Форумда ақпаратты тиімді жеткізу үшін 6×3 метрлік LED экран қолданылып, қатысушылар назарына киберқауіптер, алаяқтық схемалар мен қорғану алгоритмдері бейнематериалдар мен инфографика түрінде ұсынылды.

Форум нәтижелері

Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар киберқылмыстардың алдын алу, мектептерде жүйелі түрде цифрлық сауаттылықты арттыру және ата-аналар мен құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастықты нығайту бойынша бірқатар ұсыныстар әзірледі.

Ұйымдастырушылардың пікірі

«Бүгінгі таңда балалар мен жасөспірімдер интернеттегі түрлі қауіп-қатерлерге жиі ұшырайды. Мұндай форумдар қоғам болып киберқауіпсіздік мәселелерін шешуге мүмкіндік береді», – дейді ұйымдастырушылар.

1