BANNER

Әлеуметтік бизнес: Мемлекеттік қолдаудың арқасында қарағандылықтар арт-кеңістік пен түзету орталығын ашты

Қарағанды облысының әкімдігі

Мүмкіндігі шектеулі қарағандылық Аделина Битюкова мемлекеттік грант алып, шығармашылық адамдар үшін арт-кеңістік құрды. 

Мұнда сурет салуға, тафтингпен айналысуға, киімдерді кастомизациялауға болады. 

Өткен жылы өңірде әлеуметтік осал санаттағы 178 адам өз ісін ашу және дамыту үшін мемлекеттің қолдауына ие болды.

«Среда» арт-кеңістігінде бүгінде бес адам жұмыс істейді. 

Көп балалы отбасылар мен әлеуметтік осал топтағы балалар студияда тегін оқиды.

– Біз құммен және суда сурет салумен, кастомизациямен, тафтингпен (кілем кестелеу өнері) айналысамыз. Ол қазір Еуропада өте танымал. Дәл осы тафтинг жабдығына грант алынды, – дейді Аделина. – Біз үнемі дамып, орталығымызды жаңа бағыттармен толықтырып келеміз.

Гранттарға көбінесе білім беру және оңалту орталықтары, жартылай фабрикаттар мен кондитерлік өнімдер өндірісі, шаруа қожалықтары ашылады.

Ерекше қажеттіліктері бар баланың анасы Шынар Тен NeuroTen балалар дамуының нейрокоррекциялық орталығын ашты. Гранттық қаражат оған жаңа әдістемелерді енгізуге көмектесті.

– Алынған ақшаға біз сенсорлық-динамикалық кубқа арналған металл конструкцияны және бейімделген дене шынықтыруға арналған мүкәммалды сатып алдық. Бұл элементтер балалардың вестибулярлық және тактильдік жүйесін дамытуға көмектеседі. Нормотипті балаларда мұндай дағдылар балалар алаңдарында табиғи түрде қалыптасады, ал ерекшеліктері бар балаларға олардың дамуы үшін арнайы жағдайлар жасау қажет, – деп түсіндірді Шынар.

Әлеуметтік осал санаттағы тұрғындарды гранттық қолдау бағдарламасына көп балалы отбасылар, мемлекеттік жәрдемақы, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алушылар, мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалардың ата-аналары немесе қамқоршылары, қандастар, қоныс аударушылар қатыса алады. Ол үшін жұмыссыз ретінде тіркелу немесе үш жылдан аспайтын жеке кәсіпкер мәртебесіне ие болу керек. Міндетті шарт – «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздері курсынан өту.

Гранттар қайтарымсыз негізде 400 АЕК-ке дейін мөлшерде бір рет беріледі (2025 жылы сома 1 572 800 теңгені құрайды). Бұл қаражат қажетті жабдықтарды, шығыс материалдарын сатып алуға, үй-жайларды жалға алуға және бизнесті іске қосуға байланысты басқа да шығындарға бөлінеді.

– Жобадағы ең бастысы, барлық грант алушылар бұрын жұмыссыз болған. Енді олар өз бизнестерін табысты жүргізіп қана қоймай, қосымша жұмыс орындарын ашуда, – дейді Қарағанды облысы бойынша Еңбек ұтқырлығы орталығының директоры Нұржан Сыздықов.

Биыл әлеуметтік әлсіз санатқа жататын ісін жаңа бастаған 183 кәсіпкерді қолдау жоспарланып отыр.