BANNER

Мектептерде педагог-ассистенттердің саны екі есе өсті

Ашық дереккөз

Балалар жылында отандық мектептерде педагог-ассистенттердің саны екі есе өсті. Ол үшін мектептердің штаттық кестесіне педагог-ассистенттердің жаңа штаты енгізіліп, олардың саны 700-ден 1 454 маманға дейін өсті.

Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдейді.

Осыған дейін Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен ел мектептерінде педагог-ассистент лауазымы енгізілген болатын. Ең алдымен, мұндай мамандар ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға көбірек көңіл бөлуді талап ететін инклюзивті оқытуда сұранысқа ие. Педагогтер олардың мектепке және оқу үрдісіне бейімделуіне көмектеседі.

Оқу-ағарту министрлігі ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың білім алуына қажетті жағдай жасау үшін жұмыс жүргізіп жатыр. Осыған дейін министр Асхат Аймағамбетов осындай штат енгізуді тапсырған болатын. Енді бір жарым мыңға жуық педагог-ассистент ерекше балалар оқитын мектептерде жұмыс істеп жатыр. Бұл мұғалімнің өзін алмастыра алмайды. Десе де педагог-ассистенттер ерекше рөл атқарады, олар балаларға бағыт беріп, оқу үрдісіне бейімделуге көмектеседі. Біз ерекше қажеттілігі бар балалар туралы айтып отырғандықтан, мысалы, егер бала өздігінен қозғала алмаса, онда педагог-ассистенттер техникалық көмек көрсетеді. Не болмаса балаға дефектологтың көмегі қажет болса, педагогикалық қолдау көрсетеді, - деді  Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.

Сонымен қатар педагог-ассистент ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған жеке білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қатысады. Қажет болған жағдайда оқу бағдарламалары оқушылардың қажеттіліктеріне қарай бейімделеді. Педагог-ассистенттер өткен материалды меңгеруге көмектесіп қана қоймай, ерекше баланың дағдыларының даму деңгейін де бақылайды. Сондай-ақ олар ерекше білім алуды қажет ететін балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығына қажетті жағдайлардың сақталуын қадағалайды.

Қазіргі уақытта министрлік мектепке дейінгі ұйымдарда да педагог-ассистент лауазымын енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.