Оңтүстік Кореяда прокурорлар елдің қызметінен уақытша шеттетілген президенті Юн Сок Ельге қарсы ресми түрде айып тақты - ол бүлік жасады деп айыпталуда, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі Nur.kz-ке сілтеме жасап.
Прокурорлар президентке тағылған айыпты өткен жексенбі күні кешке жария етті. Юн Сок Ель президенттік мерзімінде айып тағылған алғашқы Оңтүстік Корея президенті атанып отыр.
"Бүгінгі күнге дейін жүргізілген тергеу деректеріне сүйенсек, президенттің қамауға алу ордеріне қандай да бір өзгерістер енгізу мүмкіндігін қарастыруға негіз жоқ", - делінген прокурорлар мәлімдемесінде.
Мәлімдемеде сондай-ақ "айыптауларды растайтын жеткілікті дәлелдер бар" делінген.
Парламенттік тыңдаулар кезінде армия командирлері елде соғыс жағдайы енгізілген кезде парламентте отырған заң шығарушыларды "шығарып алу" үшін парламенттің есігін бұзу туралы тікелей бұйрық алғанын айтты. Юн мұны жоққа шығарып отыр.
Басылым ақпаратына сәйкес, әскери жағдай жарияланғаннан кейін көп ұзамай Юн Ұлттық барлау қызметі директорының бірінші орынбасары Хон Чан Вонға "тәртіпті қалпына келтіру үшін" оппозиция жетекшісін қоса алғанда, 14 саяси және заң қайраткерін тұтқындау мүмкіндігін пайдалану керектігін" айтқан.
Сонымен қатар Юн барлау қызметіне тергеуді бастау құқығын беретінін әрі "қаржы мен қызметкерлер арқылы қолдау көрсететінін" айтты, делінген айыптауларда.
Юн Сок Ельдің адвокаттары "айыптаушы тарап тарихи қателік жіберді" деп мәлімдеді. Олардың пайымдауынша, әскери жағдайдың енгізілуі қылмыс емес және оны бүлікке жатқызуға болмайды.
Енді президентті екі сот процесі күтіп тұр: бірі оның саяси тағдырын анықтайтын елдің Конституциялық сотындағы импичмент бойынша. Екіншісі – бүлікке қатысты қылмыстық іс.
"Юн Сок Ель бүлікке жетекшілік еткені үшін кінәлі деп танылса, өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін немесе өлім жазасына кесілуі мүмкін, дегенмен Оңтүстік Корея ондаған жыл бойы ешкімді өлім жазасына кеспеген.
Оңтүстік Корея заңы бойынша, қазіргі президенттің көптеген қылмыстық қудалаудан иммунитеті бар, бірақ бұл артықшылық бүлік немесе мемлекетке опасыздық жасады деген айыптарға қолданылмайды" , - делінген материалда.
Президенттен бөлек, бұрынғы қорғаныс министрі, кейбір әскери қолбасшылар мен полиция басшылары да тергеуге алынды.
Еске салсақ, Оңтүстік Кореяның соты ел президенті Юн Сок Ёльге қатысты қамауға алу туралы екінші ордерді берген еді.
Кейін Оңтүстік Кореяның сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствосы елдің қызметінен босатылған қазіргі президенті Юн Сок Ельдің қамауға алынғанын мәлімдеді.