Павлодар тұрғыны полиция лейтенанты Малика Темірхановаға алғыс хат жазды.
Маржан Ахметованың айтуынша, 4 маусым күні сағат 08.40 шамасында № 12 мектептің жанынан өтіп бара жатқанда жас жігіт соңына түскен. Ал кейінірек әйелдің артынан келіп ұстамақ болған. Ол қорқып кетіп, мектеп ауласына қарай жүгірген.
Осы кезде мұнда полиция лейтенанты Малика Темірханова жұмыспен жүрген. Әйелге көмек керек екенін естіген нәзік, алайда өте батыл Малика көшеге жүгіріп шығады. Полиция формасын киген қызды көрген күдікті қашып кетуге тырысқан.
Қаскөй жақын маңдағы аурухананың қоршауына дейін жүгіріп барып, одан қарғып түспек болады, бірақ Темірханова оның капюшонынан ұстап, жерге тартып құлатқан.
Қаскүнемнің бір қолын аяқ киімнің өкшесімен басып, ұрыс тәсілін қолданып, қолын қайырған. Осы кезде оқиғаның куәгерлері келіп, 102-ге мән-жайды хабарлаған.
Ұсталған жігіт Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізілді, оның мас екені белгілі болды.
Жас жігіт мас күйде қоғамдық орында жүріп, жұрттың мазасын алғаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 440 және 449-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, одан әрі тексеру жүргізіліп жатыр.
Полиция лейтенанты Малика Темірханова ішкі істер органдарында 2017 жылдан бері еңбек етіп келеді. Қазір Павлодар қалалық полиция басқармасы Жедел бақылау орталығының кезекші инспекторы болып жұмыс істейді.