Президент этномедиация жөніндегі оқу орталығын құруды тапсырды

Ашық дереккөз

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Білім және ғылым, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктеріне этномедиация жөніндегі оқу орталығын құруды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Этномедиация жөніндегі оқу орталығын құрып, тұрақты оқу курстарын ұйымдастыру керек. Аудандық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілердің көпшілігі сол жерде дайындықтан өтуге тиіс.

Ақпарат және қоғамдық даму, Білім және ғылым министрліктеріне мемлекеттік басқару академиясымен, ассамблея хатшылығымен және басқа да уәкілетті органдармен бірлесіп, аталған мәселе бойынша жүйелі ұсыныстар беруді тапсырамын. Ассамблея дайындағын медиаторлар қоғамдағы күш зорлық-зомбылықтың азайтуға, отбасылық қарым-қатынастағы құқық бұзуға тиімді қарсы тұруға, елеулі үлес қосатынына сенімдімін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы ассамбелясының ХХХІ сессиясында.

Сондай-ақ, Президент ассамблеяға Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен байланысты нығайтуды ұсынды.

«Ассамблеяға адам құқықтарын қорғау саласында анағұрлым нәтижелі жұмыс істеу үшін Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен өзара тығыз әрекет ұйымдастыру қажет. Оның үстіне бұл институт елде басталған конституциялық реформа бойынша жуықта конституциялық мәртебе алуы мүмкін», - деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Ассамблеяның бұл жолғы жиыны «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» тақырыбымен өтеді .