Пәтерін жалға берушілер шетелдіктің келгені туралы хабарлауға міндетті

Ашық дереккөз

Көші-қон қызметі Қазақстан тарапынан қабылдаушы тұлғалар шетелдіктің келгені туралы хабарлауға міндетті екенін ескертті, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігі Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

Иммигранттардың Қазақстан Республикасына келуі мен болуы қағидаларының 9-тармағына сәйкес, шетелдік азаматтарды қабылдайтын жеке және заңды тұлғалар өздеріне келетін көшіп келушілер туралы ішкі істер органдарын хабардар етуге міндетті.

"Құрметті қазақстандықтар! Қонақ үйлердің, хостелдердің, пансионаттардың, жатақханалардың иелері! Пәтерлер мен басқа да тұрғын үй-жайлардың иелері! Қазақстан Республикасының Ішкі істер министірлігі көші-қон заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Шетелдік азамат келген күннен бастап үш жұмыс күннің ішінде ішкі істер органдарына міндетті түрде хабар беріледі. Осы мерзімді өткізіп алған және көшіп келушінің келуі туралы ішкі істер органдарына хабарламаған жағдайда жеке және заңды тұлға Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 518-бабы бойынша жауапқа тартылатынын ескертеміз", - дейді көші-қон қызметі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Аслан Аталықов.

Осы бап бойынша заңды тұлғалар үшін 10-25 айлық есептік көрсеткішке (31 800 – 79 500 теңгеге) дейін, ал қайталанған жағдайда 100 айлық есептік көрсеткішке (318 000 теңгеге) дейін айыппұл салынады. Жеке тұлғаларға алдымен ескерту жасалады. Заң талабын қайта бұзғаны үшін 30 айлық есептік көрсеткіш немесе 91 890 теңге көлемінде айыппұл қарастырылған.

Шетелдіктің келуі туралы хабарламаны үш тәсілмен беруге болады. Олар:

электрондық визалық және көші-қон порталы (vmp.gov.kz немесе egov.kz) арқылы тікелей хабарлама беру, ол үшін көшіп келушінің электрондық цифрлық қолтаңбасы және паспорттық деректері жеткілікті;

аудандық ішкі істер органдарының көші-қон қызметінің бөлімдері мен бөлімшелеріне жүгіну;

Apр Store немесе Play Market-тен e-Qonaq қосымшасы арқылы хабарлама жіберу, онда смартфонның камерасының көмегімен төлқұжатын сканерлеу арқылы шетелдіктің төлқұжат деректерін жүктеу мүмкіндігі бар.

"Жеке және заңды тұлғалар заңның осы талаптарын сақтауға міндетті екеніне тағы да назар аударамыз. Шетелдік қонақтар өздерінің паспорттық деректерін қабылдаушы тарапқа хабарлауға және Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға тиіс", – деп атап көрсетті Аталықов.