Ресей автомобильді 1990-жылдардағы нормамен шығаруға рұқсат берді

Фото: жоқ

Ресей үкіметі автомобильді 1990 жылдардың бас кезіндегі норма бойынша шығаруға рұқсат берді. Бұдан былай жаңа темір тұлпарларда қауіпсіздік жастығы болуы міндетті емес. Қауіпсіздік белбеуі "Еуро" экологиялық нормаларына сай келмесе де бола береді. Қаулы құқықтық ақпарат ресми порталында жарияланды. -деп хабарлайды Азаттық.

Мұнан былай автомобильдерді ABS антиблок жүйесінсіз және автомобиль тұрақтылығын бақылауға арналған ESP жүйесінсіз шығара беруге рұқсат бар. Апат болған жағдайда шұғыл белгі беретін "ЭРА-ГЛОНАСС" жүйесін қоспаса да болады.

Бұл өзгерістер Ресей экономикасына саылнған санкцияға және микрочиптердің тапшылығына байланысты жасалған.

Автомобильдерге қойылатын техникалық талаптардың көбі 2000 жылдардың бас кезінде Ресейге Батыстың ірі автоөндірісі келген кезде пайда болған.

Олардың көпшілігі Ресей Украинаға басып кірген соң кетіп қалған.

Германияның BMW мәшинесін құрастыратын "Автотор", Санкт-Петербургтегі Hyundai мен Toyota және Volkswagen компаниясының екі зауыты тоқтап қалған. Мәскеудегі Renault зауыты мен АвтоВАЗ-дың бақылау пакеті мемлекетке екі рубльге сатылған. Мұнан өзге де автобөлшек шығаратын зауыттар жұмысы тоқтаған.