Соңғы уақыттары халықтың назары Ресеймен Украина арасындағы жағдайда. Бір-бірне туыс ел арасында туындаған мәселе Қазақстан жұртшылығына да әсерін тигізіп жатыр. Мәселен үй қымбаттауда, автокөліктер бағалары да шарықтап тұр, сонымен қатар азық түлік бағасында да өсім байқалады.
Күні кеше ҚР сауда және интеграция министрілгі халықтың әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тобына енгізілген негізгі азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне қатысты түсініктеме берген болатын.
«Қазақстан өзін азық-түлік тауарларымен толықтай дерлік қамтамасыз етеді. Барлық ӘМАТ бойынша, соның ішінде (қант, тауық еті, сүзбе) бойынша айтарлықтай қорлар бар. Тұрақтандыру қорларында 27,4 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары сақталуда, оның ішінде: ұн, қант, макарон, күріш және т.б. көкөніс өнімдерін жеткізуге форвардтық келісімшарттар жасалды. Бұл қорлар қол қойылған келісімшарттар есебінен, оның ішінде айналым схемасы шеңберінде қалыптасады. Яғни, тауарлар ең төменгі сауда үстемесімен белгіленген бағамен сатылады. Үйдің жанындағы дүкендерде ӘМАТ бағасының көтерілу фактілері байқалады. Олар көтерме сатушылардың азық-түлік тауарларының бағасын алыпсатарлық арттыру жағдайларымен байланысты. Алыпсатарлықтың алдын алу үшін әкімдіктер қазір осы сала өкілдерімен жұмыс жүргізуде", - делінген сауда министрлігінің хабарламасында.
Шынында үй маңындағы кішігірім дүкендерде, дүңгіршектерде азық түлік бағалары шарықтап тұр. Бұл жағдай бірінші кезекте қарапайым халыққа ауыр тиіп отыр.
«Менің 4 балам бар, өзім қарапайым такси қызметкерімін. Жұмыс күндері шамамен 4000 -5000 қаржы табамын оның 1500-2000 теңгесі бензинімен кетеді, ал қалғанына үйге күнделікті азық түлігімізді аламыз. Шыны керек қазір 2000 теңгеге ештеңе келмейді. Тіпті балаларға тәтті дәмді бірдеңе алып берейн десең де ақшаң жетпей қалады.» - дейді қала тұрғыны.
Қала тұрғындарының айтуынша, Ресей мен Украина арасында әскери қақтығыстар басталғалы шағын дүкендердегі азық-түлік бағасы қымбаттаған. Тіпті көп тауарлар сөрелерден жоғалып кеткен.
«Кеше дүкенге барсам дүкен сөрелері бос болып тұр екен. Неге тауар жоқ дегенімде сатушылар қашан, қандай бағада тауар келетіндіктерін білмейтіндерін айтты. Себебі көрші мемлекеттегі жағдайға байланысты жеткізу мәселесі туындап тұр екен.» - дейді қала тұрғыны Сайлаугүл Аманбекова.
Аяжан ЕРАЛЫҚЫЗЫ