Ісін жаңадан бастаған кәсіпкер Жадыра Саттарова Қарағанды облысы әкімінің грантына Шахтинск қаласында ZEYIN білім беру орталығын ашты. Онда ағылшын және түрік тілдері оқытылады.
Жадыра ағылшын тілі мұғалімі. Төрт жыл мектепте жұмыс істеді. 2021 жылы облыс әкімінің гранты конкурсына қатысуға шешім қабылдаған. Ол үшін "Бастау Бизнес" бағдарламасы бойынша оқып, бизнес-жоспар құрып, өтінім берген.
– Мен әрқашан өз бетімше жұмыс жасағым келді. Оқуды бітіргеннен кейін мектепте және білім беру орталықтарында сабақ бердім. Осылайша, Шахтинск қаласында қазақ тілінде оқытатын орталықтар жоқ екенін түсіндім. Мен бұл тауашаны иеленуді шештім, – деді Жадыра. – Миллион теңге көлемінде алған грантқа мен орталыққа арналған жиһаз, ноутбук, принтер, тақта, ілгіш, дидактикалық материалдар сатып алдым. Сондай-ақ түрік тілі мұғалімін жұмысқа алдым. Болашақта орталықта логопед-педагогты жұмысқа орналастыруды жоспарлап отырмын. Бұл да өте маңызды, өйткені кейбір оқушылар бізге белгілі бір проблемалармен келеді.
Орталық 1 наурызда ашылды. Онда қазірдің өзінде 25 бала оқиды. Ағылшын тілін үйрену үшін Жадыра 5 жастан бастап, ал түрік тілін игеруге 12 жастан бастап балаларды қабылдайды.
– Орталықтың ашылуы және Алғыс айту күніне орай мен оқушыларымның біріне үш ай бойы тегін оқуға сертификат бердім. Бала шынымен үйренгісі келеді. Ата-анасы оны біздің курстарға жазды, бірақ кейінірек олар қаржылық қиындықтарға тап болғандықтан оқудан бас тартқысы келді. Оқушы қатты ренжігенін көрдім. Сол себептен мен оның арманын орындауды шешіп, сертификат бердім. Болашақта әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларға көмектесуге ниеттімін, – деп қосты кәсіпкер.