"Қазгидромет" РМК синоптиктері шілдеге арналған ауа райы болжамын ұсынды, - деп хабарлайды Saryarqanews.kz.
Шілденің бірінші онкүндігінде Қазақстанның басым бөлігінде циклондық белсенділік және атмосфералық фронттар әсерінен тұрақсыз ауа райы сақталады. Жаңбыр жауады, кей жерлерде нөсер болады: Қазақстанның батыс облыстарында айдың басында, республиканың қалған бөлігінде шілденің бірінші онкүндігінің ортасында.
"Күн күркіреп, жаңбыр, бұршақ жауады, жел екпіні 15-25 м/с дейін күшейеді. Осы кезеңде Солтүстік теңіздер аймағынан суық ауа массалары ығысып, республиканың солтүстік жартысында түнде температура фоны +5+13 градус, күндіз ауа температурасы +18+28 градустан +12+17 градусқа дейін төмендейді, республиканың оңтүстік жартысында түнде +20+25 градустан +12+20 градусқа дейін, күндіз +30+38 градустан +23+30 грудасқа дейін аптап болады", - делінген хабарламада.
Шілденің бірінші онкүндігінің аяғы мен екінші онкүндігінің басында күн ысиды. Ауа температурасы күндіз көтеріледі:
республиканың оңтүстік-батыс жартысында +30+40 градусқа дейін,
солтүстікте, орталықта және шығыста +25+33 градусқа дейін.
Айдың ортасында Ресейдің еуропалық аумағы аймақтарынан келетін суық ауа массалары ауа температурасының төмендеуіне әсер етеді. Республиканың басым бөлігінде найзағай ойнап, жаңбыр жауады, оңтүстік және батыс облыстарында құмды дауыл тұрып, жел күшейеді.
"Айдың екінші жартысында ауа температурасы тұрақсыз болады деп күтіледі: республиканың оңтүстік жартысында түнде +15+20 градустан +18+25 градусқа дейін, күндіз +25+30 градустан +35+42 градусқа дейін, солтүстік жартысында түнде +10+15 градустан +15+20 градусқа дейін, күндіз +20+28 градустан +28+35 градусқа дейін", - делінген хабарламада.