BANNER

Нұртөре Жүсіп: "Қазір Қазақстанның әр азаматы үшін сын сағаты"

Нұртөре Жүсіп: "Қазір Қазақстанның әр азаматы үшін сын сағаты"

Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп елдегі қазіргі жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Елдегі жағдайды Мемлекет басшысы толық бақылауына алды. Осы орайда Ақордада шұғыл жиын өтіп, Президент Үкіметтің отставкасын қабыл алды. Жаңа Үкімет құрамы жасақталғанша Премьер-Министр міндетін атқару уақытша Әлихан Смаиловқа жүктелді. Сондай-ақ, еліміздің 2 өңірінде Алматы қаласы және Маңғыстау облысында уақытша төтенше жағдай енгізілді. Қазір елдегі жағдайды Қазақстанның әр азаматы үшін сын сағаты деп айтуға болады. Өйткені, Тәуелсіздік пен халықтың тағдыры таразы басында тұр. Елдің сыналар шағы, сондықтан ел басына күн туған сәтте ақыл мен парасаттылыққа жүгінген жөн. Халық талап етті, билік оның үнін естіп, 2 өңірде газдың бағасын 50 теңгеге дейін арзандату туралы шешім қабылданды», - деді Нұртөре Жүсіп.

Халық қалаулысының мәлімдеуінше, талап пен ұсынысының шешімі сындарлы диалог арқылы табуы тиіс.

«Ел сабырға бой алдырып, мәселенің заң аясында шешілгені абзал. Халықтың толқуы инфляцияның өршуімен байланысты. Және бұған Үкіметтің кінәсі бар екендігін Президент ашып айтты. Оған елдегі баға тұрақсыздығын қосыңыз. Халық тарапынан әлеуметтік-экономикалық талаптардың қойылуы мәселенің шиеленісіп кеткендігін көрсетеді. Сондықтан енді жасақталатын Үкіметтің алдында елдің әлеуметтік жағдайын реттеу міндеті тұр. Одан бөлек, газ, бензин, дизель бағасының қымбаттауы болды. Осы орайда еліміздің мұнай-газ саясатын қайта қарап, шұғыл реттеу керек деп ойлаймын», - дейді ол.

Сондай-ақ, Сенат депутаты халықты сабырлы болуға шақырды.

«Халық заңға сәйкес бейбіт шеру өткізудің ережесін сақтаса. Сосын жастарымызды қызуқандылыққа бой алдырмауға шақырамын. Себебі, арандатушылық пен төбелес мәселені шешпейді, керісінше тығырыққа тірейді. Сондықтан артық эмоциядан абай болған жөн. Бастысы Тәуелсіздіктің тұтастығы мен халықтың амандығы», - деді Н. Жүсіп.

Айта кетсек, бүгін Мемлекет басшысы еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты кеңес өткізіп, қазіргі жағдайды тұрақтандыруға бағытталған ең алдымен атқарылатын шаралар туралы баяндады.