«Ақтөбе – тарының астанасы» гастрофестивалі қонақтарды ұлттық дәстүрлердің бай мұрасымен таныстырды

Фото:Life09

«Астана» саябағында қазақ халқының тарихында, мәдениетінде және ұлттық тағамдарында ерекше орын алатын тары дақылын өсіру дәстүрін сақтау мен дәріптеуге арналған «Ақтөбе – тарының астанасы» гастрофестивалі өтті.

Іс-шараға облыс әкімі Асхат Шахаров қатысып, фестивальдің көрме алаңдарын аралап көрді, қатысушылармен және қонақтармен жүздесті. Сондай-ақ ұлттық дәстүрлерді сақтау мен өңірде гастрономиялық туризмді дамытудың маңыздылығына тоқталды.

Ауқымды шараға қала тұрғындары мен қонақтары көптеп жиналып, өңірдің бай мәдени және гастрономиялық мұрасын танытатын жарқын алаңға айналды.

Фестиваль қонақтарының тарыдан дайындалған елуге жуық тағам түрі ұсынылған көрме-жәрмеңке ерекше қызығушылығын тудырды. Қатысушылар ұлттық тағамдардың алуан түрімен танысып, шоколадты жент әзірлеу бойынша шеберлік сабағына қатысып, дәстүрлі бауырсақ пен самаурыннан құйылған шайдан дәм татты.

Көпшіліктің назары Ойыл ауданының арнайы алаңына түсті. Мұнда тары өсіру және өңдеу тарихына арналған экспонаттар қойылып, дәнді дақылды дәстүрлі тәсілмен дайындау үдерісі көрсетілді. Келушілер атақты тарышы Шығанақ Берсиевтің Қазақстан ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі туралы кеңірек мәлімет алып, осы дақылға қатысты ұлттық дәстүрлердің ерекшеліктерімен танысты.

Фестиваль аумағында халық шеберлерінің қолөнер бұйымдары көрмесі де ұйымдастырылды. Қонақтар теріден, киізден, ағаштан және жүннен жасалған авторлық жұмыстарды тамашалап, зергерлік өнер туындыларымен танысты және қолөнершілер өткізген шеберлік сабақтарына қатысты.

Гастрофестиваль аясындағы маңызды іс-шаралардың бірі ауыл шаруашылығы саласының мамандарын, агрономдарды, қоғам өкілдерін және сарапшыларды біріктірген «Ақтөбе – тарының астанасы» атты дөңгелек үстел болды. Кездесу барысында тары өсіру дәстүрін жаңғырту, оның пайдалы қасиеттері, сондай-ақ өңірдің аграрлық және гастрономиялық әлеуетін дамыту перспективалары талқыланды.

Гастрофестиваль ұлттық тағамдарды насихаттайтын мерекелік шара ғана емес, мәдени мұраны дәріптеуге, дәстүрлі өнімдерге деген қызығушылықты арттыруға және тарихи жадыны сақтауға бағытталған маңызды алаңға айналды. Іс-шара қазақ халқының тарихы мен мәдениетіндегі тарының ерекше орнын тағы бір мәрте айқындап, Ақтөбе облысының осы бірегей дақылды дамытудағы маңызды орталықтардың бірі екенін көрсетті.

 

Қарағанды облысының Қарқаралы қаласында алғаш рет «BaiQymyz» өңіраралық ұлттық тағамдар фестивалі ұйымдастырылады. Өңірдегі гастрономиялық шаралар желісін жалғастыратын бұл айтулы оқиға 6 маусымға жоспарланған және ол толықтай отандық қымыз өндірісін дамытуға арналады.

Ауқымды іс-шараға Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Абай, Ұлытау облыстарынан және Қарағанды өңірінің барлық аудандарынан 30-ға жуық қымыз өндіруші қатысады деп күтілуде. Фестиваль қонақтары ұлттық сусынның түр-түрінен дәм татып қана қоймай, атадан балаға мирас болған қымыз баптау дәстүрімен жақын таныса алады.

Фестивальдің басты оқиғасы — «Үздік қымыз» байқауы. Онда кәсіпқойлар әулеттік және өңірлік ерекше рецепттермен дайындалған сусындарын ұсынады. Жеңімпаздар бірнеше сапа критерийі бойынша анықталып, үздіктерге жалпы жүлде қоры 10 миллион теңгені құрайтын сыйақы табысталады. Байқауда жүлделі үш орыннан бөлек, арнайы номинациялар да қарастырылған.

Сонымен қатар, фестиваль аясында сәйгүліктер мен ат әбзелдерінің көрмесі, Қарағанды облысы қылқалам шеберлері мен халық қолөнершілерінің туындылары көпшілік назарына ұсынылады. Мерекелік бағдарлама ұлттық ойындармен, мәдени-спорттық шаралармен және қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін концертпен түйінделеді.