Бірер сағаттардан кейін Қарқаралыда «Baiqymyz» аймақаралық гастрофестивалі басталады. Тазы тұқымын таныстыруға арналған шырға тарту ойыны ұйымдастырылады. Бұл сайысты «Asyl qazyna» федерациясы қолға алған. Аймақаралық фестиваль болғандықтан, жарысқа Қарқаралы ауданы мен Қарағанды облысының өзге өңірлерінен бөлек, іргелес аймақтардан да қатысушылар келді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бас-аяғы 36 тазы тіркелген. Олардың әрқайсысы иесі үкілеп баптаған, жүйріктігі мен алғырлығы сыналатын таңдаулы иттер.

Арнайы дайындалған алаңда тазылар шырғаға жіберіледі. Яғни, түлкінің терісі тектес арнайы шырға белгілі бір бағытта тартылып, тазы соған қарай жүйткиді. Бір айналымда 4-5 тазы арнайы бокстан қатар жіберіліп, олардың шапшаңдығы, бағыты, қимылы мен шырғаға ұмтылысы бағаланады.
– Фестивальге қуана келдік. Мұнда қазақтың ұлттық құндылықтары кеңінен насихатталып жатыр. Соның ішінде тазыны таныстыру, шырға тарту ойынын өткізу – біз үшін маңызды. Өйткені тазы – халқымыздың жеті қазынасының бірі. Бұл жарысқа әр өңірден үздік тазылар келді. Әр қатысушының ұлттық киіммен шығуы да шарт. Бұл – бабалар дәстүріне құрмет, – дейді «Asyl qazyna» федерациясының мүшесі, ұйымдастырушы Еркебұлан Сәрсенбеков.
Ұйымдастырушының сөзінше, тазыны баптау үлкен еңбекті талап етеді. Оның жүйріктігі тек табиғи қабілетке ғана емес, иесінің күтімі мен жаттықтыруына да байланысты. – Ең алдымен, тазының қаны дұрыс болуы керек. Жүгіретін-жүгірмейтіні де содан байқалады. Екіншіден, бабы келісуі қажет. Тазыны аңға сала беру шарт емес, оны мәшине немесе мотоциклмен ертіп жүгіртіп, шырғаға үйрету керек. Сонда ғана ол шырғаға қарай шыңдалып, шапшаң жүгіреді. Кейбір тазылар аңға да, шырғаға да жақсы түседі. Ондайлары әмбебап келеді, – дейді Еркебұлан Сәрсенбеков. Жарысқа қатысушылардың бірі, бапкер Қазыбек Баженов те тазы баптаудың өзіндік қыр-сыры бар екенін айтады. Оның сөзінше, тазыға тек жүйрік ит ретінде қарауға болмайды. Ол – қазақтың тұрмысымен, аңшылық мәдениетімен, дала мінезімен біте қайнасқан асыл тұқым. – Тазыны баптау – төзім мен ықыласты қажет ететін іс. Оны күтіп, тамағын дұрыстап, уақытылы жүгіртіп, мінезін тану керек. Әр тазының өз ерекшелігі болады. Бірі шырғаға бірден түседі, бірі уақыт өте үйренеді. Бастысы, оған жанашырлықпен қарау қажет. Тазы – қазақтың қазынасы, сондықтан оны сақтау да, насихаттау да бәрімізге ортақ міндет, – дейді Қазыбек Баженов. «Baiqymyz» гастрофестиваліндегі шырға тарту сайысы көрермендерге ерекше әсер сыйлайтыны анық.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
Ақжігіт САҒЫНТАЙ